Белгілі журналист қарттар үйінде ауызашар берді
Youtube-тегі “Уақыт көрсетеді” бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Нұрсейіт Жылқышыбай қарияларға ауызашар берді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Рамазан айының соңғы күндеріне тұспа-тұс келген ауызашар Алматыдағы “Шаңырақ” қарттар үйінде өтті. Қазыналы қарттардың көңілі үшін жайылған ақ дастарханға журналист әнші бауырларын да ерте келген. Олар әсем әнімен ата-әжелердің көңілін көтеріп, қосыла ән шырқады.
Өз кезегінде қариялар да тартынып қалмады. Биыл 85 жасқа толған белгілі актриса Айымторы Тайғаринова әннен шашу шашса, ақсақалдар ақ батасын беріп, жастарға келелі әңгімесін айтты.
“Қарттарға қарап расымен жүрегің ауырады. Барлығы өзіміздің ата-әжелеріміз секілді. Шіркін, немере, шөберенің маңдайынан иіскеп отыратын жаста осындай күйге түсіп отыр. Ауызашарды берудегі негізгі ниет – осы кісілердің сәл де болса көңілін аулап, ақ батасын алу. Қазыналы қарттарымыз жалғыз қалмаса екен, елімізде қарттар үйі болмаса екен деп тілеймін”, - деді Нұрсейіт Жылқышыбай.