Біләл Қуаныш: “Ұлтын сүйген қазақтарды «психбольницаға» түгел қамау керек!”
Павлодарлық тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегін «психбольницаға» жатқызыпты. Дұрыс. Ол кісі «жынды». Дені сау адам Павлодарда қазақ тілін қорғай ма? Негізі Руза апайды ғана емес бүкіл қазақты, оның ішінде әсіресе ұлтын сүйген қазақтарды «психбольницаға» түгел қамау керек! Кеше ғана Алматыда жер сілкінді... «Дені сау» ұлт жер сілкініп, қырылайын деп жатқанда «қазақша хабарламадың» деп мемлекетке ренжи ме? Үндемеген, түсінбеген күйде өліп кете бергені дұрыс қой!,- деп хабарлайды Uaqyt.info «Қамшы» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қазақтың бәрі «жынды» болуының диагнозын анықтап көрдік.
1) Таңертең тұрып, лифтіге барсаң, «су тоқтайтыны», «жөндеу жұмысы жүретіні», анау-мынау бәрі тек қана орыс тілінде жазулы тұрады.
2) Банкоматқа барасың. Мемлекеттік тіл «таңдау тілі». Әйтпесе қазақтың ақшасын «орыстың тілімен» алуға мәжбүрсің.
3) Ресейдің «Яндексін» шақырасың. Бір ауыз қазақша білмейтін тәжік пе, өзбек пе, орыс па, әйтеуір өзге ұлттың біреуіне жолықсаң, сүмеңдеп жүріп, таксиді тауып, сүмелек күйге түсесің.
4) Көше толы сақау жарнама. Қазақ тіліндегі калька аудармадан құсқың келеді...
5) Сауда орталықтарындағы қымбат дүкендерге «арзан тілің» үшін өщіңнен өзің қор сезінесің. Әп-әдемі қазақтың қызы орысша сөйлеп шыға келгенде қалай есікке беттегеніңді білмейсің.
6) Өзге ұлт сатушылары тіпті «қазақ тілі» дейтін тілдің бұл елде бар екенін сені көріп есіне түсіреді.
7) Ұшаққа отырсаң «орыс тілі», «ағылшын тілімен» қатар көне «Шағатай тілі» қолданыста ма деп қаласың. Кейде қазақшасын түсіну мүмкін емес. Қызметкерлерге қазақша сөйлесең, «а мұнда қазақтарда бар екен ғой» дегендей жымия тіл қатады.
8) Ас ішейін деп асханаға барсаң, орысша мәзір әкеледі. Ондай жерден су ішсеңде у ішкендей боласың.
9) Өз қазағың орыс тілінде сөйлегенін мәртебе сезініп, «Мен адал құлмын. Құл құтандығым сүйегіме өткен» дегенді мақтанышпен сездіреді. Қазақстанда қазақ тілінде сөйлеу ең төменгі «мәмбеттердің тірлігі» деп біледі.
10) Қазақ тілін білмесең де шенеунік боласың. Бірақ орысша білмесең билік табалдырығын аттама! Карьераңның өлшемі осы!
11) Билігің Ресейдің губерниясы сияқты. Заң орыс тілінде жазылып, іс қағаздары орыс тілінде жүреді. Қазақ тілі көлеңке сияқты жалбаң-жалбаң етіп, «менде бармын» дегендей өлермен күйде ілесе жүреді.