Saturday, 5 October,2024

Билік кімге өтіп барады? "Вагнер" ұйымындағы бұрын сотталғандар Ресейдің мемлекеттік қызметіне тұра бастады

Алмас Абылай
Фото Азаттық

Бұрын сотталып, кейін Украинадағы майдан шебінде соғысу үшін келісіммен "Вагнер" ұйымына қосылған қылмыскерлер мемлекеттік қызметке тартыла бастаған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы Азаттық жазды. Дерекке сүйенсек, Росгвардия "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясындағы бұрын сотталған жалдамалыларды қызметке тарта бастапты.

Мемлекеттік қызметке тек жеңіл және орташа ауыр қылмыспен сотталғандар ғана алынады. Оларға жетекшілік лауазым берілмейді.

Былтыр жазда Ресей әскері Украина жерінде шегінуге мәжбүр болған соң жекеменшік "Вагнер" әскери компаниясы мен оның негізін қалаушы, Владимир Путиннің айналасында жүрген бизнесмен Евгений Пригожиннің өзі Ресей түрмелерін аралап, сотталғандарды қатарына тартқан.

Украинадағы соғысқа қатысуға келісім берген сотталғандар алғы шепте жарты жыл жүруге міндеттенген. Оларға тұтқынға түсуге және шегінуге тыйым салынған. Тірі қалғандарға бостандық беретін болған. Осылайша "Вагнерге" 50 мыңнан 70 мыңға дейін адам жиналған. Пригожин таратқан мәліметке қарағанда, 32 мыңы ұрысқа қатысып, рақымшылық алған.

Ұсынылатын