Билікке қалай келген? Қос азаматтықпен депутат болғандар анықталды
Елімізде қос азаматтығы бар мәслихат депутаттары анықталды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
ҚазАқпараттың дерегіне сүйенсек, биылдың өзінде елімізде 525 адам қос азаматтықпен жүрген.
«Министрлік мәліметіне қарағанда, 2022 жылы қос азаматтықтың 841 дерегі анықталды. Ал биыл қаңтар-қазан аралығында 525 қос азаматтығы бар адам анықталды. Қос азаматтығы барлардың арасында жергілікті өкілді органдардың депутаттары да болған жағдайлар бар», - дейді Мәулен Әшімбаев.
Бұл тұрғыда Сенат төрағасы елімізде заң талаптарын бұзатындарды жылдам анықтау керек екенін айтты. Яғни еліміздің Конституциясында қос азаматтыққа тыйым салынған.
Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзғаны үшін соңғы бес жылда 3 515 (2018 жылы – 522, оның ішінде 425-іне айыппұл салынып, 97-сі елден шығарылды. 2019 жылы – 449, оның ішінде 393-іне айыппұл салынып, 56-сы елден шығарылды. 2020 жылы – 585, оның ішінде 543-іне айыппұл салынып, 42-сі елден шығарылды. 2021 жылы – 1118, оның ішінде 978-іне айыппұл салынып, 140 елден шығарылды. 2022 жылы - 841, оның ішінде 703-іне айыппұл салынып, 138 елден тыс жерге шығарылды) адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Олардың көбісі – Ресей азаматтары.