Бір үйір жылқы: балуан Ризабек Айтмұханға ерекше сыйлық берілді
Еркін күрестен Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұханға ақтөбелік кәсіпкерлер бір үйір жылқы сыйлады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Батыр блогер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
“Ата-баба салтын берік ұстанатын Ақтөбе облысының жылқышылар одағы, Марат, Ринат Жанғозиндар мен осы өңірдің бірнеше бетке ұстар азаматтары “Тақымыңнан тұлпар кетпесін” деп еркін күрестен еліміздің тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұханға бір үйір жылқы атады. Сондай-ақ арнайы тапсырыспен АҚШ-та қолдан жасалған ер-тоқымды тарту етті”, - деп жазды блогер.
Айта кетейік, 92 келі салмақта күресетін Ризабек Айтмұхан Сербияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына бұрын-соңды болмаған алтын медаль салған еді. Ол ел тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды.