Бір жылдың ішінде білім сапасы бірден көтерілді – Білім басқармасы
Алматы облысында бір жылдың ішінде балалардың білім сапасы 62 пайыздан 64,4 пайызға көтерілген. Бұл туралы облыстық білім басшысы мәлімдеді. Сала жетекшісінің айтуынша, 2023 жылы облыстық бюджеттен білім саласына 2.1 миллиард теңге бөлінген. Алматы облыстық білім басқармасы атқарылып жатқан жұмыстар мен өңірлердегі өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Бесбаеваның айтуынша, облыста 1720 білім обьектісі бар. Яғни 439 мектеп, 1150 балабақша, 40 колледж жұмыс істеп тұр деген сөз. Алайда осы білім ордалары соңғы жылдары білім сапасы жағынан біршама ақсап келіпті. Басқарма басшысы осы олқылықтың орнын толтыру үшін кешенді жұмыстар жүргізілгенін алға тартты. Ол үшін министрлік және Алматы облысы әкімдігімен бірігіп, арнайы жол картасын жасап шыққан.
“Бір жылдың ішінде балалардың білім сапасы 62 пайыздан 64,4 пайызға көтерілді. Сонымен қатар облыс әкімінің қолдауымен қомақты қаржы бөлінді. Облысымызда бір қала, 9 ауданның ішіндегі ірі деген 50 мектеп таңдалып алынды. Сол ауыл мектептеріне модификациялық кабинеттер бөлінді, сол мектептердегі мұғалімдерді дайындығын қосымша күшейту, балаларды оқыту жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі жетістікке жетіп отырмыз”, - деді Салтанат Бесбаева.
Айта кетейік, 2023 жылы облыстық бюджеттен білім саласын дамытуға 2.1 миллиард теңге бөлініпті. Бұдан бөлек «Қазақстан халқына» қоры қосымша 50 мектептің 150 кабинетін жабдықтауға қол ұшын берген
“Білім инновациялық лицейлерінің жұмысын жандандырдық. Лицей мұғалімдері менторлық негізде оқушыларымызға дәріс беріп, білімін дамытты. Олардың білім беру әдісі де басқаша, мектепте балалардың дайындыққа және пәндік қызығушылықтарын ояту арқылы білім береді. Облыс әкімінің қаражат бөлуімен өзіміздің 236 ауыл мектептерін модификациялық кабинеттермен жабдықтадық. Осы тұрғыда біз Қазақстан халқына қорына өзіміздің үлкен алғысымызды білдіреміз”, - деді басқарма басшысы.
Яғни, ауыл мен қала арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту мақсатында мектептер модификация кабинеттерімен қамтамасыз етілген.
2023 жылда жергілікті бюджеттен есебінен бөлінген қаражатқа 236, яғни 72 физика, 68 химия, 71 биология, 25 STEM пән кабинеттері сатып алынған. Сонда қазіргі уақытта облыс бойынша жалпы жаңа модификациялық 379 физика, 389 - химия, 356 – биология және 39 – STEM кабинеттері жабдықталып, 75,5% құраған.
Сондай-ақ, Алматы облысы бойынша 433 жалпы білім беру мектептерінде 432 «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысының сыныптары мен клубтары жұмыс істеп тұрғанын айта кетейік.
Республикалық «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысының Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы Мадияр Шараповтың айтуынша, онда қазір 17428 оқушы білім алуда.
«Жас сарбаздың» негізгі қағидалары тәртіптен басталады. Тәртіп болғандықтан, балалардың жүріс-тұрысы да, сырт келбеті де ерекше көрінеді. Бізге деген ата-аналар тарапынан сұраныс өте жоғары. «Жас сарбаз» қозғалысының мақсаты – балалардың отанына деген сүйіспеншілігін, еліне, жеріне деген махаббатын арттыру. Бұдан бөлек олар түрлі спорт үйірмелеріне қатысып, салауатты өмір салтын ұстанады. Түрлі спорттық іс-шараларға қатысып, шыңдалып жүр”, - дейді Мадияр Шарапов.