Sunday, 8 December,2024

Бишімбаев ісі бойынша екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

Әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісінде екінші сотталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды деп хабарлайды Uaqyt.info Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Байжанов Қылмыстық кодекстің 432-бабы – "Қылмысты жасыру" бойынша айыпталды. Оған 6 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы 22,1 миллион теңге) айыппұл салу немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны қарастырады.

“Байжанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 432-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде жазасын өтейді”, – деді сот Айжан Құлбаева.

Бақытжан Байжанов сот шығарған үкіммен келіспейтінін жеткізді.

Соттың “Сотталушы Байжанов, сот үкіміне қатысты сұрақтарыңыз бар ма?” деген сұрағына ол: “Иә, бар. Рас айтамын, неге маған 4 жыл” деп жауап берді.

“Алқабилер сотының үкімі дауыс беруді ескере отырып, осындай шешім қабылдады. Сіз үкімнің көшірмесін алғаннан кейін 15 күн ішінде шағымдануға құқығыңыз бар”, – деді Айжан Құлбаева.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Қазір олардың сот отырысы ашық түрде өтіп жатыр.

Ұсынылатын