Saturday, 5 October,2024

Блогерлерді ел берекесін бұзатын "сауатсыздар" деп айыптаған мәжіліс депутатын журналистер сынға алды

Алмас Абылай
Фото ашық ғаламтордан

Мәжіліс қабырғасында Үкімет пен Бас Прокуратураға блогерлердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынған депутат Анас Баққожаевты БАҚ өкілдері сынға алды. Тіпті журналистер оның еш анализсіз қара сөзді сапыра салуын талқыға салған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Мәжіліс қабырғасында "Ауыл" партиясының депутаты Анас Баққожаев қазақ қоғамындағы "блогер" сөзі мүлде жауапсыз салаға айналды деп дабыл қақты. Тіпті қазір ақша бопсалап, атақұмарлыққа ұмтылатындар да әлеуметтік желіде көбейгенін айтқан ол, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар деп кінәлады. Әрі осы блогерлердің жауапкершілігін күшейту керек деген сауалын жолдады.

Дей тұрғанымен депутаттың бұл көтерген мәселесін журналистер қауымы сынға алған. Мысалға Ерболат Мұхамеджан мәжілісменнің мүлде анализсіз құр қара сөзді сапыра салғанына қынжылған. Әрі тікелей эфирде сол сауалдарды да өзіне қойып, бірақ көңіл көншітерлік жауап ала алмағанын әлеуметтік парақшасында былай түсіндіріпті.

"Анас Баққожаев мырзамен ашық дискуссияға түсуге тырыстым. Бірақ депутат мырза дайын емес сияқты. Ол блогерлерді жауапкершілікке тарту тақырыбын көтерген еді. Депутат ол - саяси қызмет. Халық қалаулысы. Сәйкесінше олардың деңгейі, әсіресе аналитикалық тұрғыда зейіні мықты болуы керек деп есептеймін. Бірақ, біздің кейбір депутаттарға қарап “өкінішке қарай” дегеннен басқа амал жоқ… Кейбір кезде біздің қабылданып жатқан заңдардың сапасының не үшін сын көтермейтінін түсінуге болатын сияқты", - дейді ол.

Журналист Ришат Асқарбек те депутаттың мәжіліс қабырғасында көтерген мәселесі құры айғай деп отыр. Еш зерттемей тек популистік мақсатта айта салған ба деген ойын да жазған.

"Бірінші сауатты заң қабылдасын, ол үшін заңды сауатты мамандар жазсын, сосын қоғам талқысына тастасын. Әйтпесе депутаттың кешегісі құры айғай. Хабарға сұқбат берді кеше тікелей эфирде сол депутат. Өз ойы жоқ, саладан мүлдем хабарсыз адам екен. Депутаттық сауалды қалай болса солай, дайындықсыз жасай салуға болмайды. Популистік мақсат қана ма дедім. Шын мәнінде бұл мәселе күрделі. Мәселенің барлығы жала жабуға, жалған ақпарат таратуға тіреліп тұрса, құзырлы органға шағымдану құқығын пайдалан. Еркін ой айтып, қоғамның назарын аударып отырған жалғыз алаң осы жер. Оны да қыспаққа алса, Солтүстік Корея бола салайық", - дейді журналист.

Ұсынылатын