Болашақ ел мақтаныштары: Бокстан жасөспірімдер арасында чемпионат аяқталды
Елордада бокстан жасөспірімдер арасында чемпионат өтті. Толқын спорт кешенінде 2008-2009 жылғы спортшылар 4 күн бойына жүлделі орынға таласты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Болашақ ел мақтанышы болар былғары қолғап шеберлерінің жарысы жоғары деңгейде өтті. Додаға 100-ден аса жасөспірім келген. 14 салмақ бойынша шаршы алаңда жұдырықтасқан жастар жеңімпаз болуға бар күштерін салды.
Астанадағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі директоры Мақсат Қадырбаев дәл осы спортшылар алдағы уақытта мемлекет намысын қорғайтынын айтуда.
"Осы 4 күн ішінде қалалық біріншіліктің жеңімпаздары мен жүлдегерлері ғана емес, сондай-ақ Қазақстан чемпионатында Астана намысын қорғайтын үздік боксшылар анықталды. Осы біріншіліктің жеңімпаздары арасында болашақта халықаралық турнирлерде ел намысын қорғайтын спортшыларды көреміз деп үміттенемін", - дейді Астана қаласының №3 БЖСМОР директоры Мақсат Қадырбаев.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін елімізге танымал спортшылар марапаттады. Олардың қатарында әлем чемпионы Санжар Ташкенбай да бар.
Біріншілік қорытындысы бойынша мына спортшылар елорда чемпиондары атанды:
- 44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде - Ерасыл Маратов
- 46 келіге дейін - Сағындық Есенбеков
- 48 келіге дейін - Мират Теміржанов
- 50 келіге дейін - Ернұр Өңіртаев
- 52 келіге дейін - Әли Жұмагерей
- 54 келіге дейін - Иманғали Қайратұлы
- 57 келіге дейін - Хантемір Темірхан
- 60 кг дейін - Бекзат Қанат
- 63 келіге дейін - Ернұр Дүйсенбай
- 66 келіге дейін - Бауыржан Амантай
- 70 келіге дейін - Әмір Берік
- 75 келіге дейін - Нұрасыл Төребекұлы
- 80 келіге дейін - Абдрахман Сейтқали
- Ал 80+ келі салмақ бойынша жеңімпаз Икрам Мұсаев.