- Басты жаңалықтар
- Қоғам
- Боранбаевтың кәсібі әкімдікке өткен бе? Алматыға ақылы автотұрақ қайта оралды
Боранбаевтың кәсібі әкімдікке өткен бе? Алматыға ақылы автотұрақ қайта оралды
Алматыдағы ақылы автотұрақтар жұмысын қайта бастайды. Бұған дейін бұл үлкен кәсіпте Қайрат Боранбаевтың есімі жиі аталатын, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Алматыда бұған дейін "А-паркинг" деп аталған ақылы автотұрақтар қайта жұмысын бастамақ. Қайрат Боранбаев ұсталғаннан кейін бұл кәсіп тұралап қалған. Енді қалалық әкімдікте 11 қыркүйектен бастап тұрақтардың жұмысы қайта басталатынын хабарлап отыр.
Алдымен Медеу ауданы қамтылмақ. Мұнан кейін өзге аудандардағы тратуар түріндегі тұрақтар өз жұмысын бастайды.
"Автотұрақтар 2023 жылғы 15 шілдеден 2023 жылғы 11 қыркүйекке дейін тегін болды. Өйткені ақылы автотұрақтың жаңа бірыңғай операторы "Алматы паркинг" бағдарламасы қосылмаған еді. Осылайша Медеу ауданында жаңартылған ақпараттық тақтайшалар бойынша барлығы 12 тұрақ аймағы жұмыс істейді. Оның 4828 тротуар тұрағы, 360 мүгедектерге арналған орын. Ақылы автотұрақтың жұмыс режимі - күн сайын сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін. Бір сағаттың құны – 100 теңге", - делінген ақпаратта.
Алматы қалалық мобилділік басқармасы дерегіне сүйенсек, жаңа ақпараттық тақталарда оператор, аймақ нөмірі, тұрақ уақыты және төлем әдістері көрсетіледі. Жалпы жыл аяғына дейін қаланың қалған аудандарын қосу жоспарланып отыр. Яғни:
Алмалы - 9 қазан;
Бостандық - 23 қазан;
Түрксіб және Жетісу - 6 қараша;
Әуезов, Алатау, Наурызбай аудандары - 2023 жылғы 25 желтоқсанға дейін.
Автотұрақтарға қызмет көрсету бойынша барлық өкілеттік Алматы әкімдігіне, Алматы қалалық мобилділік басқармасының "Алматы паркинг" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына берілген.