Tuesday, 14 May,2024

Бүгін елімізде Абай күні аталып өтіп жатыр

Uaqyt.info
Фото

Бүгін елімізде қазақтың ұлы ақыны, философ Абай Құнанбайұлының күні аталып өтіп жатыр. Бұл айтулы дата Үкімет қаулысымен 2020 жылы – Абайдың 175 жылдығында белгіленген болатын, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Ақынның туған күніне орай еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шаралар өтеді. Мәселен Астана әкімдігі Абайдың 178 жылдығы күні қарсаңында оның шығармашылығы мен еңбектеріне арналған ондаған іс-шара жоспарлаған. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайтында жарияланды.

10 тамыз күні таңертең өтетін Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі Астанада мерекенің бастамасы болмақ.

Сағат 10:00-де Журналистер аллеясында «Алдымда ақын Абай - Темірқазық!» әдеби кездесу өтеді.

Бір сағаттан кейін Ұлттық академиялық кітапханада «Абай әлемі» іс-шарасы ұйымдастырылады. Осы уақытта №5 кітапханада оқырмандар «Абай – жүрек қалауы, даналық белгісі» іс-шарасында бас қосады.

Сол сияқты бұл күні Абай оқуларын орталықтандырылған кітапханалар жүйесі өткізеді. Сағат 17:00-де «Жастар» театры Абай шығармашылығына арналған әдеби-музыкалық кешке шақырады.

Бұл күні Ақкөл қаласындағы «Арман Боровичок» балалар сауықтыру орталығында «Абай – дана, Абай дара қазақта» поэтикалық кеші өтеді.

Сонымен қатар, 10 тамыз күні әлеуметтік желілерде елордада тұратын барлық этнос өкілдерінің қатысуымен білім беру мекемелері арасында #МенАбайдыоқимын челленджі өтеді.

Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарының қиылысындағы алаңда Абайдың 178 жылдығына орай ақынның шығармаларына жазылған күйлер орындалады. Қорғалжын алаңында «Адамзаттың алыбы – хакім Абай!» музыкалық-әдеби кеш өтеді.

Сонымен қатар, кешкі сағат 18:00-де М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының ғимаратында «Абайдың соңғы күндері» кино көрсету іс-шарасы ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек әлеуметтік желілерде Абайдың өлеңдерін оқудан челендж басталғанын айта кетейік. Естеріңізде болса, аты әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген ақынның өлеңін оқып, көпті тәнті еткен еді.

Ұсынылатын