Бүгін - Мұқағали Мақатаевтың өмірден өткен күні
27 наурыз ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың дүниеден өткен күні. Біртуар тұлға 1976 жылы Алматыда қайтыс болған. Уақыт.кз. ақын Жарас Сәрсектің қаралы датаға байланысты шығарған өлеңін ұсынады.
Кез емес ол жейтіндей елден таяқ ,
Қаумалаған жақынның өпкені - мен .
Ұшып - қонып жеп жүрер жерден таяқ
жеті жастан енді асқан " жетпегір" ем .
Сабағынан оралған Жақсы ағамның
жанарынан жас көріп елеңдестік .
"Неге қысқа ғұмыры жақсы адамның ,
Тастап кете бере ме өлеңді өстіп ?!"
Өксіп- өксіп жіберді ағам сосын ,
Дәрмені аздай аттауға босағадан .
Босағаны ағамның маған тосын ,
Босайды деп ойлаушы ем осал адам ...
Анам да отыр сыйынып өлмес Хаққа ,
Жанарында сан түрлі сұрақ тұнып .
Мұқағали ақынның келмес жаққа
кеткендігін жеткізді ұл жылап тұрып .
Сусып қолдан құлаған анашымның
жатты сынып еденде шәй кесесі .
Жай отырмай өзімше данасындым :
" Артық - ед...- деп , бұл үйдің қай кесесі?!."
Ой - жүйкесін оның да өтті тіліп ,
Суық хабар ұлының әкелгені :
- Не дейді - ей , - деп орнынан кетті тұрып ,
Шынтақтап ап шәй ішкіш әкем менің .
Жатпады жұрт басына жастық жастап ,
Жаратқанның налыды " жазасына".
Бір қауым ел ертесі бастық бастап ,
Аза тұтты ақынның қазасына .
"Аза тұтар ақын не , көсем бе екен? "-
Деп тепсіне біреудің айтқаны есте .
Аудан жақтан сол бастық (есен бе екен ?..)
ауыр сөгіс арқалап қайтқаны есте .
Білуші едік біз бейбақ ол кезде не ,
Ойнаушы едік Төлеген , Шеге болып .
Бір білерім - сол кезден сол кеудеме
сол бір ақын алыпты еге болып ...
Ақын болу о баста бақ көрінген ,
Кемістігі емес-ті ол ақылдың .
Қазір менің үйімнің қақ төрінде
ілулі тұр суреті сол ақынның .
Бүгінің де ,
Ертең де ,
Келешек те ,
Жандардікі жұртына жақын қонған .
Барлық ақын Пайғамбар демесек те ,
Пайғамбардың бәрі де ақын болған ...
Мұқағали Мақатаев 1931 жылдың 9 ақпанында Алматы облысының Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген.