Бұрынғы сыртқы істер вице-министрі Асқар Мусинов өмірден өтті
Мемлекет қайраткері, бұрынғы сыртқы істер вице-министрі Асқар Мусинов 64 жасқа қараған шағында көз жұмды. Қаралы хабарды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі жеткізді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
"Ұзақ мерзімді дипломатиялық қызмет барысында ол Қазақстан Республикасының СІМ Орталық аппаратында және шет елдердегі мекемелерінде өзі жетекшілік ететін жұмыстың барлық бағыттарында Қазақстанның мүдделерін тамаша қорғап, алға қойылған міндеттерді кәсіби түрде шешуде қабілеті мен терең білімін көрсете білді. СІМ Жауапты хатшысы және Сыртқы істер министрінің орынбасары ретінде ол Таяу Шығыс және Африка құрлығы елдерімен екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға, консулдық қызмет пен мемлекеттік протоколды дамытуға зор үлес қосты", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Асқар Мусинов Мысырдағы, Сауд Арабиясындағы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Оңтүстік Африка Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елші қызметін атқара жүріп, Қазақстан Республикасының мүддесін кәсіби түрде ілгерілетіп, қорғаған. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Бас хатшысының Ғылым және технология жөніндегі орынбасары және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының Бас директоры ретінде халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылық ісіне адал қызмет еткен.
"Дипломатиялық ортада ол өз отанының нағыз патриоты, жоғары деңгейдегі дипломат және араб бағытындағы қазақ дипломатия мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде танымал болды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басшылығы мен ұжымы Асқар Ахметұлының отбасы мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Кәсіпқой ірі азамат, мейірімді де жанашыр дос, парасатты тәлімгер, үлгілі отағасы, аса адал тұлғаның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады", - делінген хабарламада.