COVID-19 жұқтырғандар көбейді: тағы бетпердемен жүреміз бе?
Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарлауынша, Қазақстанда өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 2024 жылдың қаңтарында коронавирус жұқтырғандар саны 2,5 есеге өсті, деп хабарлайды Uaqyt.info Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Желтоқсанда – 187, ал қаңтарда – 477 жағдайға дейін өсті. Жаңа жағдайлардың ең көп дерегі Алматы (143) мен Астанада (74) тіркелді.
"2024 жылдың 26 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында бір апта ішінде республикада COVID-19+ инфекциясының 144 және COVID-19- инфекциясының 11 жағдайы тіркелді. Ауру дерегінің 26 жағдайға өскені байқалды. Сондай-ақ жаңа жағдайлардың ең көп дерегі Алматы (37) мен Астанада (21) тіркелді", - делінген хабарламада.
Қазақстанның барлық өңірлері "жасыл" аймаққа енді. Жұқпалы аурулар төсектерінің толтырылуы 1 пайызды құрап, үш науқас стационарда емделіп жатыр.
"Шектеу шараларын енгізу жоспарда жоқ. Сонымен қатар соңғы айда коронавирусқа, ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандар санының артуына байланысты адамдар көп жиналатын жерлерде, қоғамдық көлікте және медициналық ұйымдарға барған кезде және науқаспен байланыста болғанда бетперде кию ұсынылады", - делінген хабарламада.