Дариға Назарбаеваның ұлына қатысты тексеріс басталды
Алматыда жер сілкінгенде дабыл жүйесі қосылған жоқ. Ал оны орнату үшін 2022 жылы бюджеттен 1.1 млрд теңге жұмсалған болатын, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Осы ақпараттан кейін әлеуметтік желіде түрлі пікір жазылды. Соның бірінде қыруар қаржы Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиевке тиесілі компанияға аударылды деген ақпарат бар. Осыған байланысты антикор тергеу амалдарының басталғанын жеткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукеновтің айтуынша, "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің арызын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті тіркеген.
"Біз ол ақпараттан хабардармыз. Сондай-ақ әріптесіміз, қоғамдық кеңес мүшесі Дидар Смағұловтың әлеуметтік желідегі жазбасын оқыдық. Бұл факті бойынша "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің арызын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті тіркеді. Материалдар өкілетті органға тексеру жүргізу үшін жолданды. Сол тексерістің қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданып, БАҚ пен қоғамға хабарланады", - деді Арман Тілеукенов.