Saturday, 23 November,2024

Дархан Қыдырәлі Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінде қалды

Алмас Абылай
Фото gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Дархан Қыдырәлі Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы Telegram-дағы Ақорда арнасы хабарлады. Онда Мемлекет басшысының Жарлығымен Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымына тағайындалғандығы туралы жазылған.

Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де (1991-1992) және Түркияның Мармара (1992-1996), Докуз Эйлүл (1996-1997), Эгей (1997-1998), Ыстанбұл (1998-2001) университеттерінде білім алған. Ыстанбұл университетінде докторлық диссертация қорғап, «философия докторы» ғылыми дәрежесін иеленген (2001). Абай атындағы ҚазҰПУ-да докторлық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының докторы атанған (2010). Тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның корреспендент-мүшесі.

Еңбек жолы:

2001-2005 жылдары – Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде аға ғылыми қызметкер, ғалым-хатшы, кафедра меңгерушісі, аппарат жетекшісі, жетекші ғылыми қызметкер болып бастады.

2005-2006 жылдары – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде доцент, аға ғылыми қызметкер;

2006-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығында директордың орынбасары;

2007-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің кеңесшісі;

2008-2009 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде сарапшы, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды.

2009-2012 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары;

2012-2014 жылдары – Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары болды.

2014 жылдан бастап Халықаралық Түркі академиясының президенті, 2015 жылғы маусымнан Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялар одағы хатшылығының басшысы қызметін қоса атқарады және аталған одақтың ұйымдастырушысы болып саналады.

2018 жылы Халықаралық Түркі академиясының президенті болып екінші мерзімге тағайындалды.

2016-2022 жылдың қыркүйегіне дейін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы лауазымын атқарды.

2022 жылдан бері Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінде.

Ұсынылатын