Дәстүрлі емес медицинаға жүгінген астаналық тұрғын қайтыс болды
Елорда тұрғыны дәстүрлі емес медициналық қызметпен айналысқаны үшін сотталды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бапасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, дәстүрлі емес шығыс медицинасымен айналысатын клиникаға келген тұрғындардың бірі өзін әрдайым ұйқы қысып тұратынына шағымданған. Осыдан соң оған Қазақстан Республикасында лицензияланбаған препарат инъекциясы енгізіліп, артынан науқастың денсаулық жағдайы күрт нашарлап кеткен және көп ұзамай қайтыс болған.
Сараптама қорытындысы бойынша өлімнің себебі анафилактикалық шок болды.
Мемлекеттік айыптаушы дәстүрлі емес шығыс медицинасымен айналысқан адамның абайсызда кісі өлтіріп алғанын дәлелдеді. Ол тиісті куәлігі мен лицензиясы жоқ медициналық қызметпен айналысқан.
Сот үкімімен кінәлі медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылып, сотталды.
«Прокуратура азаматтарды осы қызмет түрімен айналысуға тиісті рұқсаты жоқ адамдарға медициналық көмекке жүгінбеуге шақырады», — делінген Астана қаласы прокуратурасының хабарламасында.