Saturday, 5 October,2024

"Дәулеттің жарнамасына сендік": Алматыда пәтер алу үшін қомақты ақша құйған тұрғындар құрылыс компаниясы алдады деп дабыл қақты

Алмас Абылай
Фото Видеодан кадр

Алматыда бір топ азамат дабыл қақты. Олар жыл аяғына дейін салынып бітуі тиіс тұрғын үйге мәжіліс депутаты, блогер Дәулет Мұқаевтың жарнамасынан кейін қомақты ақша салған. Бірақ баспана бітпек түгілі, іргетасы енді қаланыпты. Енді 50-ге жуық азамат алданғандай көңіл күйде, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Алматыдағы тұрғындардың мәселесін КТК телеарнасы жазды. Ондағы дерекке сүйенсек, елуге жуық азамат құрылыс компаниясына салған ақшасын қайтара алмай жүр. Ал баспаналы болу жолын блогер, мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жарнамасында байқапты.

Енді олар құрылыс компаниясы 100 миллионға жуық ақшаны бермей қашып кетуі мүмкін деп алаңдап отыр. Себебі пәтер кілтін осы жылдың соңында алуы керек болған. Бірақ үй салынбақ түгілі, іргетасы енді қаланыпты. Ал соңғы 8 айда құрылы тоқтап қалған.

"Желтоқсан айынан бастап біз құрылысты бақыладық. Өйткені құрылыс тек қазандығын қазғаннан кейін тоқтады. Кейін мен сәуір айында келісімшартты бұздым және келісімшарт бойынша компания маған ақшаны қайтаруы керек еді. Қазір тамыз айы. Төрт ай өтті. Әлі күнге дейін ақшамды ала алмай жүрмін",– дейді Айымгүл Нысанбаева.

"Дәулет Мұқаев дәл осы құрылыс салушыны таңдауыма себеп болды. Депутаттыққа дейін ол қоғам арасында белсенді азаматтардың бірі еді. Халыққа қаржылық сауатты болуды түсіндірді. Адамдарға тиімді бағдарламалар бойынша баспана алуға көмектесті. Сондықтан мен оның жарнамасына сендім", - дейді Қуат Керімбеков.

Ал көп пәтерлі баспана салуға уәде берген құрылыс компаниясы нысанды толық аяқтаймыз деп уәде етуде. Тек алғаш 3 қабатты баспана болатын құрылысты 5 қабатқа айналдыру үшін құжаттарын реттеп жатыр екен.

"Үйді желтоқсанда береміз дедік. Бірақ жобада өзгерістер болды. Бастапқы сәулет-жобалау бойынша ғимаратта 3 қабат болуы керек. Енді 5 қабат салғымыз келеді. Ол үшін құжат өзгертілуі тиіс. Келесі жылдың мамырында үйлердің кілтін табыстаймыз. Пәтер алғысы келмейтіндерге ақшаны толығымен қайтарамыз. 25 қыркүйекке дейін барлығына ақшасын беруге уәде береміз", – деп ақталуда Max Bet PV2 құрылыс компаниясының директоры Берік Нұрмағамбетов.

Халық дабыл қақса да Дәулет Мұқаев әлі бұл жағдайға жақ ашпады.

Ұсынылатын