“Даусымды жоғалтып алдым”. Әли Оқапов әншілігін тастай ма?
Танымал әнші Әли Оқапов дауысын жоғалтып алғанын айтты. Оған күйзеліске түскені себеп екен. Ол бұл туралы "Менің өмірім" бағдарламасындағы сұхбатында мәлімдеді. Композитордың айтуынша, қазіргі уақытта дауысын қайта қалпына келтіру үшін түрлі мамандарға жүгінген, деп хабарлайды Uaqyt.info.
"Күйзеліске түсіп, даусымды жоғалтып алған кез де болды. Нақты бірнәрсе болды деп айта алмаймын. Бірнеше жағдай қабаттасқан сияқты. Өйткені, ол тез өте салатын немесе емдей салатын нәрсе емес. Уақыт - емші. Күйзелісте болғанмын, кейде күйзелісте жүремін. Ол бола беретін жағдай. Өнердің адамы болғасын эмоцияға ерік бермесең, өнеріңе кері әсерін тигізеді. Сен эмоцияға, сезімге жақын болуың керек. Сол нәрсенің нәтижесі - ән, шығарма, ойлар, шабыт. Сен оны басқаша шығара алмайсың. Мен - композитормын. Маған жаңа әннің идеясын құрастыру үшін сол сезімдер керек. Бірақ талай күйзелісте болғанмын, жасырғым келмейді. Қайдағы ән? Ұйықтағың да, тамақ ішкің де келмейді. Далаға шыққың келмейді. Кей кезде тіпті өмір сүргің де келмейді. Ол - депрессия. Соған байланысты шығар, даусымды жоғалтып алдым. Әлі күнге толықтай даусымды қайтардым деп айта алмаймын. Жыл сайын 2-3 пайыздан қосылып, қалпына келіп жатыр. Түрлі маманға бардым, "Ештеңе жоқ. Барлығы баста, мида" дейді. Вокал сабаққа қатысып, студияда ән жазып, жеңіп жүрмін. Дауысты жібітетін, жұмсартатын дәрілер де бар. Ол қадамға да бардым", - деді Әли Оқапов.