Екібастұзда дала өртінен ұсақ мал қырылып қалды
Екісбастұздың іргесінде орналасқан Әлкей Марғұлан ауылында 73 бас ұсақ мал қырылып қалды. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов дала өртінен шығын келген шаруаларға көмек беретінін жеткізді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
“Кеше дала өрттері орын алған Баянауыл, Май аудандары және Екібастұздың ауылдық аймақтарына бардым.
Шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, мәселелердің шешу жолдарын бірлесіп талқыладық.
Шаруалардың мәселелерін өзімнің жеке бақылауыма алып, төрт бағыт бойынша көмек ұйымдастыратын боламыз:
1 - шабындық үшін арзандатылған дизель отынының көлемін 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін арттырамыз;
2 - жем-шөп дайындау үшін субсидиялау көлемін бір бас ІҚМ үшін 7 мыңнан 15 мың теңгеге дейін және ұсақ мал үшін 3 мыңнан 5 мың теңгеге дейін арттырамыз;
3 - мұқтаж фермерлерге қор санаты, мемлекеттік орман қоры және жайылма учаскелерінде шөп дайындауға мүмкіндік береміз;
4 - дәнді дақылдарды жинау кезінде сабан дайындауды қарастыратын боламыз, жинауға мүмкіндік болатындай, сабан ұсақталмай егістіктерде қалдырылатын болады.
Сондай-ақ, өртте 73 бас ұсақ малдары (50 ешкі және 23 қой) жанып кеткен Әлкей Марғұлан ауылының тұрғындарына келтірілген шығынды өтеу үшін өңірдің ірі кәсіпорындарымен материалдық қолдау көрсетілетін болады.
Сонымен қатар, жазғы үйі мен малға арналған қоршауы зардап шеккен екі шаруашылыққа да дәл осындай көмек көрсетіледі”, - деп жазды облыс әкімі Асайын Байханов.