Экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды
Судья Айжан Құлбаева экс-министр Қуандық Бишімбаев пен екінші айыпталушы Бақытжан Байжановқа үкім шығарды. Бишімбаев 24 жылға сотталды, деп хабарлайды Uaqyt.info Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
“Сот Бишімбаев Қуандық Уәлиханұлын Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағында, 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған: 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша 7 жыл бас бостандығынан айыру, 99-баптың 2-бөлігімен 20 жыл бас бостандығынан айыру, жазаны ішінара қосу арқылы 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – деді судья.
Сонымен қатар Бишімбаевтан мемлекет кірісі ретінде сот сараптамасын жүргізуге кеткен сот шығындары 2 млн 306 мың 382 теңге, Байжановтан 3 324 теңге өндірілетін болды. Бишімбаевтан жәбірленушіге өтемақы қорына 30 АЕК (103 500 теңге) мәжбүрлі төлем, Байжановтан – 20 АЕК (69 мың теңге) мөлшерінде өндіріледі.
Сондай-ақ судья Айжан Құлбаева сотталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін хабарлады.
"Алқабилер Қуандық Бишімбаевқа қатысты үкім шығарды, оған сәйкес ол кінәлі деп танылды. Жаза мөлшері туралы мәселені де алқабилер мен судья ашық дауыс беру арқылы, көпшілік дауыспен шешті. Үкімге сәйкес сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Сот отырысында зерттелген жәбірленушінің, куәлардың айғақтары, аудио-бейнематериалдар, сараптамалық қорытындылар және қылмыстық істің басқа да материалдары алқабилердің назарына алынды", – деді судья.
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Олардың сот отырысы 2024 жылы 27 наурыздан басталып 10 мамырға дейін жалғасып, ашық түрде өтті.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.
Экс-министр Қуандық Бишімбаев соңғы сот отырысында әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.