Saturday, 23 November,2024

“Елді су шайып жатқанда, қайдағы концерт?” Балаеваға сонда бәрібір ме?

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

“Бүкіл Атыраудың мәдениет қызметкерлері Жайық жағасында құм тасып, дамбы соғып жатыр. Ал, Сіздердің қызметкерлер министрлікке мамырдағы концерттердің жоспарын беріңдер деп қырып жатыр екен. Бұл қаншалықты дұрыс?” Осылай деп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында журналист Оңғар Қабден жазды. Онда ол айтыскер ақын Шалқарбай Ізбасаровтың жазбасына министрдің жауап беруін талап еткен, деп хабарлайды Uaqyt.info.

 “Біреуге мал қайғы, Біреуге жан қайғы...

Қазіргі жағдай баршаға белгілі. Осыған байланысты бізде ұжымымызбен бірге ел қатарлы Жайық жағасына бөгет соғу, қапшыққа құм толтыру т.б жұмыстарда жүрміз. Күндізгі және түнгі ауысыммен жасап жатырмыз.

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы директорының уақытша міндетін атқарушы Асхат Жахиев Сәлешұлы төтенше жағдайға байланысты мәдени көпшілік шара өткізілмейді, түгел Жайық жағасына жұмысына шығамыз деді. Шықтық...

Алдын-ала сақтану мақсатында Томарлы Ауылдық Мәдениет Үйі ндегі музыкалық аппаратура, компьютер т.б заттарды екінші қатарға көтеріп қойдық. Асхат Сәлешұлының тапсырмасымен.

.... Бүгін түсқайта өзімізге белгіленген участокте жұмыс жасап жатсақ, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының әдіскері М. Нұржанқызы "мамыр айында өтетін шаралардың срочно жоспарын беріңдер, тездетіңдер" деп  қырып кете жаздады. Біздер ол сияқты мекеменің ішінде отырған жоқпыз, далада жүрміз...

Елдің бәрі дүрлігіп тасқын судың алдын алу мақсатында, қайтсек аман қаламыз деп Жайық үшін, Атырау үшін жанкешті еңбек етіп жатыр, бұлар жұмысты ойлап отыр. Министрліктің тапсырмасы дейді. Көкем-ау, дәл қазір жұмысты емес, елдің амандығын ойлайтын және аянбай жұмыс жасайтын кез ғой... Президенттен бастап қауіптің алдын алу мақсатында жұмыс жасап жатқанда, жұмыстың жоспарын сұратып отқан ол қандай "жанашыр" министрлік?

"Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы" деген осы...

Осы мәселе жөнінде Атырау Қалалық Мәдениет Бөлімі не хабарласқам, бас ауыртып отқан ешкім жоқ, жұмыстың аты жұмыс дейді. Ал, саған керек болса...

Елдің амандығы қымбат па? Әлде жұмыс қымбат па? Әлде бұларға бәрібір ме??

Атырау Қаласының Әкімдігі мына жайға не дейсіздер? Қала әкімінің орынбасары Нуржан Ермуханов мырзаға телефон соқтым, көтермеді. Жұмыс бабымен жүрген шығар...

Жұмыс деп жүргенде суға кетіп қалмасақ жарар еді. Құдай сақтасын!

Сіздер не дейсіздер,ағайын?!, - деп жазды Шалқарбай Ізбасаров.

Ұсынылатын