Елімізде балабақшаға кезекке тұруға арналған бірыңғай база іске қосылады
Жыл сайын ішкі табиғи өсім мен сыртқы миграция есебінен халық санының өсуі еліміздің ірі қалалары мен өңірлерде балабақшаларға деген сұранысты арттыруда. Сұраныстың болуы өз кезегінде қоғамдағы дертті құбылыстың бірі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратыны да сөзсіз, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Оқу-ағарту министрлігі қоғамдағы мұндай келеңсіздіктің алдын алу және ең бастысы, ата-ана мен бала үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында мектепке дейінцгі ұйымдарға кезекке қоюды есепке алудың бірыңғай базасын әзірлеп, бірқатар өңірлерде пилоттық жоба ретінде жүзеге асыруда.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бұл жүйе мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлуде ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етеді кезекке тұру мен жолдама алуды айтарлықтай жеңілдетеді.
Айта кету керек,жаңа үлгі әр отбасының қажеттіліктеріне қарай төрт балабақшаға дейін таңдауға мүмкіндік береді. Орындарды бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында ата-анаға SMS-хабарламалар жолдау қарастырылған.
Тіпті тұрғындарға ыңғайлы болу үшін өтініш берудің бірнеше тәсілі қарастырылған. Өтініш беру электронды үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, жергілікті атқарушы органдардың платформалары арқылы жүргізіледі.
Қазіргі уақытта пилотты жоба Шахтинск және Петропавл қалаларында іске қосылуда. Ол аяқталғаннан кейін кезектіліктің бірыңғай базасы ел аумағында толықтай қолжетімді болады.