Елімізде мамыр айынан кредит рәсімдеудің жаңа қағидалары қолданылады
15 мамырдан бастап елімізде несие рәсімдеудің жаңа қағидалары қолданылады деп хабарлайды Уақыт.кз.
Ақпарат Fingramota.kz сайтында жарияланды. Онда тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту және қарыз алушыларға банктік қарыздар мен салымдар, сондай-ақ микрокредиттер бойынша толық құны туралы ақпаратты дұрыс беру үшін 2 қаулы қабылдағанғаны жазылған. Аталған құжаттар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң қолданысқа енгізілуі керек. Бұл 15 мамырға келіп отыр.
Осылайша енді банктер мен микроқаржы ұйымдары шарттарда және өз жарнамаларында жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін және номиналды сыйақы мөлшерлемесін көрсеткен кезде олардың қаріп мөлшері мен стилі бойынша бірдей ресімделуін ұстануға тиіс. Яғни, адам несие рәсімдегенде не жарнамаға көз салғанда номиналды пайызы ғана бірден көрінбейді. Қосымша жанында жылдық мөлшерлеме пайызы да көрініп тұрады.
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі - бұл банк пен МҚҰ қызметтері бойынша сенімді, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі (нақты құны) сыйақы мөлшерлемесі. Оған қарызды беруге және қызмет көрсетуге байланысты барлық комиссиялардан, төлемдерден, яғни кредит бойынша артық төлемнің нақты көрсеткішінен тұрады.
Ал номиналды мөлшерлеме - бұл комиссиялар мен басқа төлемдерді есепке алмағанда, қарызды пайдаланғаны үшін ай сайынғы сыйақы есептелетін мөлшерлеме.