Friday, 22 November,2024

Елордада оқушы қыз мектепте өзге баланы балағаттаған: Сот оның ата-анасына жаза кесті

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Елордада мектеп оқушысы өзге баланы балағаттаймын деп ата-анасына кесірін тигізді. Қыздың бұзақылығы үшін үлкендер айыппұл арқалаған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Мектепте өзге қызды былапыт сөздермен қорлаған мектеп оқушысының ісі сотта қаралды. Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқушы қыз айыбын ата-анасы арқалайтын болып шешілді. Себебі сотта оның заңды өкілі кінәні толық мойындады.

Кәмелетке толмаған З.-ның кінәсі кәмелетке толмағандардың, олардың ата-аналарының хаттай түсініктемелерімен, полиция басқармасы ұсынған құжаттармен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, З.-ға қатысты шара қолдану туралы полиция басқармасына Г.-ның берген арызымен дәлелденді.

"Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігінде көрсетілгендей, 14-16 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірім жасаған ұсақ бұзақылық немесе бұзақылық Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 435-бабына сәйкес, оның ата-анасына немесе олардың орнында жүрген тұлғаларға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (24 150 теңге) айыппұл салуды көздейді", - делінген сот хабарламасында.

Осылайша сот кәмелетке толмаған З.-ның заңды өкілі К.-ға әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 435-бабы бойынша жаза кесті. Яғни 16 905 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Ұсынылатын