Елордаға бағыт алған ұшақта ішіп алған екі Ресей азаматы темекі шеккен
Мәскеу-Астана бағыты бойынша ұшқан ұшақта Ресейдің екі азаматы темекі шеккен, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Polisia.kz медиа-порталы жазды. Дерекке сүйенсек, елордаға әуерейсі ұшып келгеннен кейін әуежайдағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне Scat әуекомпаниясы өкілінің актісі бойынша екі жолаушы берілген. Өтініш берушінің айтуынша, ер адамдар әуе кемесінің бортында ұшу кезінде электронды темекі шеккен және бортсеріктердің ескертулеріне құлақ аспаған.
Көлік полицейлері тексеру кезінде масаң күйіндегі 36 және 46 жастағы Ресей Федерациясының екі азаматын анықтады. Медициналық куәландырудың нәтижесі бойынша құқық бұзушылар "жеңіл дәрежедегі" алкогольдік масаң күйінде болған.
Шетел азаматтарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі, 441-баптың 1-2-бөлігі бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 55 айлық есептік көрсеткіш (189 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.