Енді "Елбасы медалі" атауы "Ел үміті" болып өзгереді
Еліміздегі белсенді азаматтарға табысталып келген "Елбасы медалі" атауы енді "Ел үміті" болып өзгереді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Құжат "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Бұған дейін тек "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры" табыстап келген "Елбасы медалін" енді Оқу-ағарту министрлігі береді. Сонымен қатар 29 жасқа дейін берілетін медалді 35-ке дейінгі азаматтарға да табыстау жоспарланған.
"Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі он төрт жастан отыз бес жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын ұйым (әкімші) болып айқындалсын", - делінген құжатта.
Өзгеріске 2023 жылғы 13 ақпанда "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" ҚР Конституциялық заңының күшi жойылуы себеп болған.