- Басты жаңалықтар
- Қоғам
- "Ені 2 метрге жетпейді". Таразда 400-ден аса бала 4 бөлмелі мектепте білім алып жүр
"Ені 2 метрге жетпейді". Таразда 400-ден аса бала 4 бөлмелі мектепте білім алып жүр
Жамбыл облысында 400-ден аса оқушы аядай ғана білім ошағында оқып жүр. Тіпті орынға таласып, кейде сыймай да қалатын көрінеді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Мектеп Тараз қаласындағы Қызылабад алқабында орналасқан. Информбюро бейнесюжетінде №58 мектеп директоры 4 бөлмелі білім ордасының тек 3-і ғана сынып екенін айтқан. Ал сол 3 сыныпта 400-ден аса оқушы оқиды. Сыймағандары қалаға қатынайды екен. Тіпті оқушылардың көптігінен ұстаздар отыруға орын таппай тікесінен тік тұрып сабақ өтеді.
"Мектепте асхана да, спорт алаңы, акт залы, кітапхана деген жоқ. Бізге керек әрине. Ғимараттағы дәрісхана ені екі метрге жетпейді. Ауылда газ кірген. Бірақ білім ошағын қосып бермеді. Көмірмен жылытамыз", - дейді мектеп директоры Ләззат Ешенқұлова.
Сондай-ақ ол бұл білім қабырғасының 45 балаға жоспарланғанына да тоқталды. Бірақ бүгінде мұнда 400-ден аса оқушы бар. Бір қызығы мұндағы жұрт балаларын аталмыш мектепке 40 жылдан бері тасып келеді. Атқамінерлерден кеңейту я жаңа мектеп салып беру мәселесі қолдау таппаған.
"Қазір республикаға 7 мектепті қаржыландыру мәселесін 2025 жылға салу мәселесін көтеріп отырмыз. Бұл жерде 300 орындық мектеп салу керек деген тұжырымға келдік. Сметалық құжатын дайындау керек әлі. Оның өзі уақыт алады. Мерзімдері бар. Сол себепті құрылыс сол 2025 жылы салынады деген жоспар бар", – деді Жамбыл облыстық Білім басқармасының басшысы Меірхан Өмірбек.
Осылайша мұндағы халық әлі қаражат қарастырылмақ түгілі құжаты әзірленбеген жобаның жүзеге асатын күнін күтуге мәжбүр.