Saturday, 23 November,2024

Ербол Әбдірайымов: “Жұт қашан келеді екен деп бейқам отыруға болмайды”

Uaqyt.info
Фото Коллаж/uaqyt.info

Қазақстанда биыл жұт қайталанып, мал қырылуы мүмкін бе? Елімізде ет бағасы мен жем-шөп неге қымбат? Ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерге қатысты белгілі кәсіпкер, Мaltabu.kz сайтының иесі Ербол Әбдірайымов жауап берді, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Uaqyt.info: 2021 жылы елімізде қуаңшылық болып, мал қырылды. Биыл ондай қауіп бар ма?

Ербол Әбдірайымов: Жұт қашан келеді екен деп бейқам отыруға болмайды. Шөптің бітік шығуына жауын-шашынның әсері бар, бірақ мал асырағаннан кейін барлығына шаруа дайын болуы керек. Шама келсе, бір жылдық жем-шөпті қорда сақтаған дұрыс. Көнекөз малшылардың барлығы солай істейді. Қыстан артылған шөпті қымтап, жинап қояды. Ал биыл қалай болатыны бір Құдай ғана аян.

Uaqyt.info: Елімізде қазір азық-түліктен бастап барлығы қымбат. Жем-шөптің бағасы қалай болып жатыр?

Ербол Әбдірайымов: Жем-шөптің бағасы аспандап кетті. Өте қымбат. Оның шарықтап кетуі –жанар-жағармайдың бағасына тікелей байланысты. Бір ай бұрын баға өсті, оны өзіңіз де жақсы білесіз. Жем-шөп деген өзі кеп қораға жинала салатын зат емес қой. Оны ору керек, кептіріп престеу қажет, бұдан бөлек тасымалы бар. Оның барлығы техниканың күшімен жүзеге асатын шаруа. Ол техникалар ауамен жүрмейді. Үкіметтен арзандатылған солярка беріледі. Бірақ ол қарапайым ауыл азаматтарына жетпейді. Жапа шегіп отырған негізінен сол шаруалар. Ал ірі шаруа қожалықтары субсидиясы бар, басқасы бар, барлығын иемденіп отыр. Олардың мұрттарын балта шаппайды, тіпті малдары да сақтандырылған. Ертең қуаңшылық болып, қырылып қалатын болса, Үкіметтен әр бас малына ақша алатын да солар. Ал қарапайым шаруаларға түк те жоқ.

Uaqyt.info: Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәселелерге неліктен көңіл аудармай отыр деп ойлайсыз?

Ербол Әбдірайымов: Министрліктегі азаматтардың сөзіне қарасаң, жұмысты қатырып жатқан секілді көрінеді. Бірақ іс жүзінде ешқандай қозғалыс жоқ. Нақты шешімдер шығаруға келгенде, үнсіз қалып жатады. Батылдық жетіспейді. Өйткені өздеріне керекті заң болса бірден, ал халыққа керек заңдар айлап, жылдап талқыланып жатады. Министрді орнынан алып тастау мәселені шешпейді. Себебі жаңадан келген министр кімнің-кім екенін білгенше, жан-жағын танып болам дегенше 3-4 жыл өтіп кетеді. Сондықтан осы министрден сұрайтынды сұрап, талап ету қажет.

Uaqyt.info: Осыдан 3-4 жыл алдын қойдың бағасы 40-50 мың еді, қазір 80 мыңнан асты. Көп отбасы соғымды түсінде көретін болды. Бұдан шығудың жолы қайсы?

Ербол Әбдірайымов: Қазір ең қамбат деген еттің бағасы шамамен 4000 теңге. Бірақ ол бағаны мал бағып отырған адам қойып отырған жоқ қой. Ары кетсе ол келісін 1300 теңгеден сатып отыр. Ал үстіндегі үстемені ортадағы делдалдар жасап отыр. Қаладағы базардың сөресіне жету үшін ет бірнеше адамның қолынан өтеді. Әрқайсы өз ақшасын қосқанда, осындай сома шығады. Егер ортадағы делдалдардың саны азайса, еттің де бағасы біршама арзандар еді.

Мaltabu.kz деген сайтты сол үшін ашып отырмыз емес пе?! Бірақ жобаны әлі аяқтандыра алмай отырмыз. Егер толыққанды іске қосылатын болса, ортадағы делдалдар өздігінен істен шығып қалар еді. Өйткені сайт арқылы сатушы мен сатып алушы тікелей байланыс орнатады. Еттің бағасы сол кезде 10-15 пайызға арзандайтын еді. Бірақ біздің бұл жоба министрлікте отырғандарға қызық емес секілді. Әйтпесе, итке де, шошқаға да миллиондап бөліп жатыр ғой. Жарнамаға ақша бөлсе, жұмысты жақсылап жандандыруға болар еді.  

Uaqyt.info: Қазіргі заманда мал бағып, байып кету қаншалықты мүмкін дүние?

Ербол Әбдірайымов: Қазіргі уақытта екі сиыр, 10-шақты қой алып байып кету деген ертегі нәрсе. Малдан пайда көріп отырғандар әу баста, Кеңес кезінде жерін алып, офис ашып, қолында заңгерлері бар ірі алпауыттар. Малдан Үкіметпен, шетелмен байланысы барлар ғана пайда тауып отыр.

Uaqyt.info: Кезінде малдың терісін өткізетін едік. Сол тері алатындар қазір қайда жүр?

Ербол Әбдірайымов: Кезінде Семейде, Таразда жүн өңдейтін зауыттар бар еді. Олардың барлығы жекенің қолына өтті де, кейіннен мүлде жоқ болып кетті. Біз жүн өткізіп отырған Қытаймен байланысты үзбеуіміз керек еді. Бүкіл шаруалар жүн өткізіп, соның ақшасына жем-шөптерін сатып алып отырған еді. Соған Үкімет неге ойланып отырғанын түсінбеймін. Іргемізде миллиард халқы бар Қытай тұр. Шонжыдан жігіттер хабарласып жатыр, 10 тонна жуылған дайын жүн тұр дейді. Бірақ өткізетін жер жоқ. Соны көтеретін министрліктер ай қарап отыр ма? Қолда тұрған шаруаны, өзіміз дөңгелете алмай отырғанымыз өкінішті.

Uaqyt.info: Сұхбатыңызға көп рахмет.

Ұсынылатын