“Ерке сылқымның” авторы, күйші Әбдімомын Желдібаев дүние салды
Композитор, күйші Әбдімомын Желдібаев 90 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Президент Тоқаев қазаға байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
"Әбдімомын Желдібайұлы киелі күй өнерінің көкжиегін кеңейткен дарын иесі, ұлағатты ұстаз болды. Бар саналы ғұмырын төл мұрамызды насихаттауға арнап, еліміздің мәдениеті мен руханиятын дамытуға айрықша еңбек сіңірді. "Ерке сылқым" сияқты өміршең күйлерімен жұртшылықтың ықыласына бөленді. Өнегелі өмір сүріп, соңына музыкалық мол мұра қалдырған Әбдімомын Желдібайұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", - деп жазылған жеделхатта.
Әбдімомын Желдібаев Жамбыл облысының Шу ауданында дүниеге келген. Жамбыл мәдени ағарту училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. 1964 жылдан Шу аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды. 30 жылдан астам уақты "Шу еркесі" халық аспаптар ансамбліне жетекшілік етті.
Автордың "Жетісу сазы", "Толғау", "Көк шолақ", "Сұңқар сезім", "Ерке сылқым", "Өмір өзен", "Әулие-ата", "Боз жігіт", "Ыдырыс" атты т.б. күйлері, "Сұлутер", "Қызыл гүлім-қызғалдағым", "Шырайлым", "Қызыл елiк", "Сырымды айтам" секілді көптеген әндері халыққа кеңінен танымал.
Тұлғаның қазақ өнерінің алтын қорына енген "Өмір-дастан", "Жетісу сазы", "Шабыт", "Көкшолак". "Төле би толғауы", "Самғау", "Ерке сылқым" күйлері бар.