Friday, 22 November,2024

«Есірткіге әуес полиция полковнигі». Елордада көші-қон департаменті бастығы ұсталды

Алмас Абылай
Фото time.kz

Елордада өте ерекше оқиға тіркелді. Синтетикалық есірткі сатушылар тобын анықтау жұмыстары кезінде арнайы қызметтің назарын тұтынушылардың бірі аударған деп хабарлайды Uaqyt.info.

Тime.kz сайтының жазуынша арнайы қызмет елордадағы көші-қон департаменті бастығы, полиция полковнигі Арман Баймұхаметті есірткі қолдану үстінде ұстаған. Алдымен есірткі сатушылар тобын анықтау жұмыстары аясында белгісіз бойжеткеннің тұтынушыға синтетикалық затты берген сәтін байқайды. Кейін әлгі тұтынушы елордадағы көші-қон департаменті ғимаратына кірген. Арнайы қызмет бірден ішкі істер министрлігіне хабарласып, әлгі азаматтың толық аты-жөнін анықтайды. Белгілі болғандай ол департамент бастығы Арман Баймұхамет болып шыққан.

Ведомствоаралық тергеу бригадасы шұғыл түрде құрылып жатқанда, жоғары лауазымды полиция қызметкері қызметтік кабинетінен шығып, жалдамалы пәтерге барады. Оның артына түскен жедел топ ішке енгенде үстел үстінен синтетикалық затты анықтаған. Тіпті бастық көзіндегі ерекше от зиян затты қабылдғанын білдіріп тұрды.

«2023 жылғы 27 наурызда сағат 20.00 шамасында Астана қаласы бойынша ҰҚКД 5-ші басқармасының қызметкерлері (бұл бөлімше құқық қорғау органдарының қызметкерлері жасаған қылмыстарды тергеумен айналысады) синтетикалық тектес есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен Астана ПД Көші-қон бастығы, полиция полковнигі А. Р. Баймұхамет ұсталды", - делінген ресми хабарламада.

Тінту кезінде мефедронға ұқсас үш грамм ақ ұнтақ тәркіленген. Препараттың нақты салмағы мен түрін сараптама анықтайды. Есірткіні заңсыз сатып алу және аса ірі мөлшерде сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Жалпы Арман Баймұхамет полицияда шамамен 23 жылдан бері қызмет етеді. Алғаш жедел уәкіл болып жұмысын бастаған ол қалалық Департаменттің криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметіне дейін өскен.

Осы орайда ведомстволық емхана дәрігерлері қайда қараған деген заңды сұрақ туады. Өйткені органда жыл сайын кәсіби тексеру өткізіледі емес пе. Бірақ ІІМ-де зәр мен қан тапсыру міндетті норма емес екен. Енді дәл осы жағдайдан кейін медициналық комиссиядан өту тәсілдері қайта қаралуы мүмкін.

Ұсынылатын