Sunday, 28 April,2024

«ЕСКІ» МЕН «ЖАҢАНЫҢ» ҚАҚТЫҒЫСЫ МҮМКІН БЕ? ТАСМАҒАМБЕТОВ КІМНІҢ «КӨЗІРІ»?

Құрмантай Жантелі
Фото Ашық дереккөзден

Марқұм Болат Назарбаевтың,  Астанада ағасы тұрғызған мешітте берілген,  жетілік асы түрлі саяси болжам-жорамалға мұрындық болды.  Экс-президент берген асқа ылғи  «экстердің»  жиналғаны, бүгінгі биліктегілердің тарапынан ешкімнің болмағаны, онда айтылған сөздер, кәзіргі президенттің шамасын кекету мен Нұрсұлтан Назарбаевты жат та кеп мадақтау – «ұзынқұлақтың» ғана емес, тәуелсіз саналатын масс-медиа арналарының да ортақ тақырыбына айналып шыға келді.  «Бұлар билікті қайтарып алуға дәмелі»  дейді бәрі де, естіген, көргендерін қорытындылай келіп. Бұл айтулы жиынның мемлекеттік «Хабар» арнасынан көрсетілуі де бекер емес-ау. Яғни, жалпы жұрт көріп, кейін түрлі теле/ютуб сәуегейлердің «сараптамасына» құлақ түруі қажет болған шығар?

Мүмкін. Оның үстіне, бұл топтың биліктен толық қол үзбегені анық. Әлі де «жалғанды жалпағынан басып» жүргендері бар. Отыз жыл жиған орасан байлықтың күші, әрқайсының «жаңалардың» алдындағы мысы («ағалығы», «жағалығы» бар деген сияқты), аямай «қауып» алатындай «тісі» бар. Дегенмен де, қай-қайсына болмасын тықыр таяна түскен. Боранбаевтың басын бәлеге қалдырған  тірлігі бұлардың,  бәрінің болмаса да, біршамасының басына тиері ғажап емес. Өйткені, бір кездері өздері сенген Тоқаевтың ойы да бөлек тәрізді. «Қалыптасып қалған стандартты жоймай, түбегейлі өзгеріс жасау мүмкін емес» дегенді айтып та қалды. Алайда, президенттің айтқанын жүзеге асырар атқарушы органдар, әсіресе, құқық саласында, жоқтың қасы десек те болады. Өйткені, жүйелік түрде өзгермей қалған ескі формат бәрінің аяғына тұсау сынды. Ел мүддесін көздегеннген бұрын,  кәлләларында әр шараны барынша пайдаланып қалу пиғылы басым. Әйтсе де, алғашында зорға қозғалғандай болған «жазалаушы» тетік, барған сайын, күшейе түскендей. Оның үстіне, бұл істі жандандыра түсетін, тек жаңадан ұйымдаса бастаған саяси-экономикалық күштердің «май шелпектен» барынша «қарпып» қалмақшы мақсаты ғана емес, «елге қайтарсын!» деген қоғамның да талабы бар. Оның көңілін ептеп болса да таппаса, тағы бомайды.

Сөйтіп, биліктің қолы, біртіндеп, Назарбаевтардың да жағасына жармаса бастағандай. Онысы шын қаһары ма, әлде, «міне, күресіп жатырмыз» деген сынды көпе көрнеу ісі ме? Сонымен, ҚТЖ бұдан былай Әлия Назарбаеваның «Instant Payments» компаниясымен жұмыс істемейтін болады дейді үкіметтегілер. Қазақстандықтардың қалтасына түсуге құмар кенже қыз пойызға сатылған әр билеттен пайда көріп келген.  Темір Жолдың өзінің жаңағы компаниясымен бизнес қатынасты үзетінін естігенде, Әлия акционерлер құрамынан шығып кеткен көрінеді. Шынымен солай болып жатса, Нұрсұлтанның кенже қызының орнын кімнің кенже қызы басар екен? Кәзір істі  ашық байқауда ұтқан компанияға өткізіп беріп жатқан көрінеді.  Кімнің, нендей компаниясы екені туралы ҚТЖ төрағасы айтқан жоқ. Яғни, билет үшін қосымша құнды Әлиядан басқа «жаңа» біреуге төлейтін боламыз. Ол «жаңаның» терісін жамылған сол Әлияның өзі болып шықпасына кім кепіл? Ертеректе уәде еттілгендей, билетті ҚТЖ-ның өзі сатса не болады? Былайша алғанда, бұл мәселе де, жыры таусылмай келе жатқан,  утиль алым сияқты. Ол былықтан да  кенже қыз аман шығып, айыптының күні есігіндегі «күңіне» түскенін білесіздер. Ал, қара халық, өзінің қалтасын тесіп отырған, қосымша салықтан әлі құтылған жоқ. 

QazaqGaz-дың кеңсесінде тінту жүріп, бірнеше топ-менеджері ұсталды. Бірақ ешкім қамалған жоқ, ешкімге айып тағылмады. Антикор берген түсініктемеден де дәнеңе ұқпайсың. Оларға сенсек,  компания қызметкерлеріне қатысты сот алды тергеу амалдарына орай жүргізілген шара көрінеді. QazaqGaz – үлкен қыз Дариғаның екінші күйеуі саналатын Қайрат Шәріпбаев басшылық жасайтын геологиялық барлаудан бастап, газды өндіріп, сату саласындағы ұлттық компания. Болат марқұмның жетісі өте сала, антикордың осындай әрекетке барғаны қалай сонда? Мыналардың аналарға көрсеткен қыры ма?

Меніңше, мұның бәрі, кейбір амал-тәсілдері көпке көрініп қалып жатқанымен(әдейі),  «кілем асты» тірліктер. Сондықтан да, сіз бен біз сахнадан шалғай «балконда» отырған көрермен ғанамыз. «Қайтқан малдан» бізге қайыр бола ма, жоқ па, ол жағы да беймәлім. Ал, «қайраттардың» орнын «айраттар», «әлиялардың» орнын «ғалиялар» басқаннан нәтижесі өзгере қоймайды. Ол үшін жүйелік қайта құрылымдар қажет. Ал, бүгінгі билік ондай реформаларға батыл бара ала ма? Әзірге оның ауылы алыс дер едім. Өйткені, ат ауыстырып мінуге болмайтын, асуда тұрмыз. Ушыға түскен халықаралық жағдайдың салқыны біздің елге тиіп кету қаупі де басым. Сондай-ақ, «ескі» мен «жаңаның» арасында еш айырмашылық та көрінбейді, қайшылық та байқалмайды. Жоқ нәрсені байқау, көру мүмкін бе?   Ал, Қазақстан билігіне де, халқына да қауіп басқа тұстан келсе ше? 

Мен өткен мақаламда Ресейдің Орталық Азия аймағынан «қалай кетуі мүмкін» деген ойымды жазғам. Әрине, ол Ресейді ығыстырып шығармақшы күштердің тарпынан келеді. Ал, Ресей көне қоя ма? Тіпті, кейінгі күндері Ресей Украинадан жеңіліп қалғанның өзінде, оның бұрынғы одақты қайта құру пиғылы қалмайтынын, кезіндегі одақтас, кәзіргі күндері дербес республикалардың біріне шабуыл жасауы әбден мүмкін деген жорамалдар айтыла бастады. Ал, ол ролге қай республика лайық?  

Балтық жағалауындағылар тәуелсіздік ала салып, НАТО-ның «қолтығына» кіріп алған. Беларус – прокси. Оны басып алмаса да,  өзінікі.  Әзірбайжан – түріктердің одақтасы. Әскері сақадай сай.  Армяндармен ортақ шекара жоқ – әскер кіргізу айтарлықтай қиындықтар туғызып, шығынды еселей түседі. Өзбек, тәжік,  қырғыздар  қазақтардың артында. Кандидаттардың қатарында Грузия мен біз қаламыз. Екі елдің де биліктері Мәскеуге «оң қабақ» танытып отырғанымен, астыртын алшақтай бастағаны байқалады. Одан кейін, Ресейдің бізге деген «қырғи қабағын» жақсы білеміз. Ол ойларын жүзеге қалай  асыруы мүмкін?

Оның үзік мысалын, бірер апта бұрын, Мақашқала әуежайынан көрдік. Бұл –  Кавказ бен Орталық Азияда исламшыл күштерді қалай ұйымдастыру технологиясының, ислам тақырыбын ұстанған, біздің аймақтарда кең тараған медиаресурстардың жаппай пропагандасының  жемісі. Палестинадағы қақтығыстарды ұтымды пайдаланып кетті.  Үгіт-насихатын, негізінен, Telegram, Instagram, TikTok желілерінде жүргізеді. Насихат өнімдері 15 жастан 29 жасқа дейінгі жастарға арналған. Бұл интернет насихатшылар Кавказ бен Орталық Азияда еркін тарап жатқан Ресей медиасындағы пропаганданың  ауанына иек артады. Хамас терроршыл тобын еш даттамайды, бәріне кінәлі АҚШ пен Израиль етіп көрсетеді.  Бұлар әрқайсы ислам фундаментализмін дәріптейтін түрлі ағымдарыдың идеясын құптайтындар. Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ бағытында түрік медиаресурстары белсенді. Оған жергілікті теріс ағымдарды қосыңыз. Ал, бұл діни ағымдарды Ресей  бізге қарсы қалай пайдаланбақшы?   

Кейбір сарапшылар Мәскеу Ақордаға өкпесі қара қазандай Иманғали Тасмағамбетовті «майданға» салмақшы дейді. Оның ислам дінінің сопы орденімен(тарикаты) жақын қарым-қатынасын алға тартады. Өзі де, күйеу баласы Кеңес Рақышев та сол орденнің мүшелері көрінеді. Шешенстан лидері Рамзан Қадыровпен достығы да содан туындап жатса керек. Ал, Имекеңнің сопылардың көсемі Исматулламен жақындығын оның Алматыда билік құрған кезеңінде байқағанбыз. Бас сопының шәкірті Ғалым Боқаштың оның әкімдігінде биік лауазым иеленгені де бекер емес. Мақашқаладағы жаңағы «әуежай бүлігіне» Қазақстан түрмесінен шыққан соң, Дағыстанда қоныс тепкен,  Исматулланың ықпалы болды дейді. Оның Қазақстан мұсылмандары арасындағы ықпалы да еш азайған жоқ. Міне, Иманғали мен Исматулланың осы «одағын» Кремль барынша пайдалануға ниетті екен. Ел ішінде қолдау табатынына күмәндәрі жоқ. Қаптаған мешіттер, уағызшы діншілдер жастарды жаппай намазға жығып жатқанын білеміз. Біршама теріс ағымдағылардың криминалмен де бітісіп кеткені бар. Ал, Иманғали Тасмағамбетов қарсылық лидері болуға әбден дайық. Екі тілде шешен, батыс қазақтары үшін көсем. Ол өңірлерде, анда-санда естіліп қалатын, «бөлініп кетсек, мұнайдың қызығын өзіміз көрер едік» деген де арандатушы көңіл-күй бар және ислам дінінің орны зор.  Қорғаныс министрі болған, онда да өзін қолдайтын жақтастары бар. Пәтер беріп, сый-сыйапат көрсетіп жатып, талай «жазғыштың» ауызын алып қойған. Комсомол көсемі. Кинодағы әйгілі қызыләскер  Суховша киініп, шәугімін көтерген суреті де кең тараған болатын. Онысы 5-колоннаның көкейіне қонады. Яғни, елде Иманғалиды қолдап шығатындар жетерлік. Олардың қолында қару бар екенін де ұмытпаған жөн.

Жуырда ғана Минскіде өткен ҰҚКҰ-ның жиынында Тасмағамбетов пен Тоқаевтың сырттай «сөзге келіп» қағланы туралы жазбаған БАҚ жоқ. DALA INSIDE-қа сенсек, Астанаға келген кезінде Макрон Тоқаевтан «Тасмағамбетовтің пікірлері Қазақстан саясатының айналасында айтылып жатыр ма?» деп сұраған көрінеді. Тоқаевтың Минскідегі жиында «ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ ... Ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс»  дегені, Имағалидың Батыс елдеріне қарсы бір сарынды мәлімдемелерін сынағаны дейді. Яғни, Тоқаев Кремльдің Иманғалиға қатысты ойынан хабардар.

«Тасмағамбетов болса, 2029 жылы президенттік сайлауға түсу сценарийін ойластырып отыр. Ол Кремль мен ФСБ-ға сүйенбекші. Олар болса, Тасмағамбетовты соңына дейін қолдап, Қазақстан президенті қылуға дайын. Тек Иманғали Тасмағамбетов, өз кезегінде, Қазақстанды Ресей-Беларус одағына кіргізіп, кіші КСРО құруға барынша ат салысуы тиіс», дейді DALA INSIDE.

 Міне, осы жағдай Тоқаев билігі үшін, тіпті, «ескі Қазақстан» үшін де, қауіпті. Бәріміздің шекемізді қыздыра қоймас. Украина территориясының Ресей басып қалған бөлігіне негізінен әскердің күшімен емес, колоборанттардың, полицияның,  басқа да органдар мен чиновниктердің сатқындығының, яғни 5-колоннаның арқасында қол жеткізгені естеріңізде болсын.

 

 

Ұсынылатын