Saturday, 23 November,2024

“Ескі Қазақстан” Тоқаевқа қарсы жұмыс жүргізіп жатыр – депутат

Uaqyt.info
Фото Коллаж/uaqyt.info

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиевтің билікке қайта оралуы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ол 25 шілдеде «Транстелеком» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалған болатын. Депутат Ермұрат Бапи “қоғам белсенділері билікпен алысып жүргенде, "ескісі" "Жаңа Қазақстанның" "көрін қазып" жатыр” деп есептейді. Мәжіліс депутаты Uaqyt.info тілшісіне берген сұхбатында “Ескі Қазақстанның” ескі кадрлары туралы мәселені Президенттің алдында көтеретінін жеткізді.

Uaqyt.info: «Транстелеком» АҚ директорлар кеңесінің төрағалығына Нұрәлі Әлиевтің келуі нені білдіреді?

Ермұрат Бапи: “Ескі Қазақстан” өкілдерінің билікке біртіндеп қайта келуі, оның ішінде "KEGOC" АҚ компаниясына Нәби Айтжановтың, «Транстелеком» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып Нұрәлі Әлиевтің тағайындалуы – қоғам үшін жақсы белгі емес. Олар біраз уақыт бойы бұғып жатып, қайта бас көтерді. Экономиканың стратегиялық салаларын біртіндеп басып алудың үрдісін жүргізіп жатыр. «Транстелеком» деген компания - теміржолдың байланыс саласын қамтамасыз етіп отырған ірі өндірістік сала. Осыған “Ескі Қазақстанның” өкілі келіп отыр. Біз оған жол бермеуіміз керек.

Uaqyt.info: Ескі кадрлардың билікке қайта келуі “Жаңа Қазақстан” идеясына қарама-қайшы емес пе?

Ермұрат Бапи: Тоқаев өзі таққа Қаңтар оқиғасынан кейін келді ғой. Нұрәлі Әлиевтің «Транстелеком» компаниясына қайтып келуі және көптеген кадрлардың өз орындарын сақтап қалуы – Тоқаев мырзаға деген сенімді селдірете түседі. Қаңтар қырғынынан кейін Тоқаевтың саясатына деген біршама қолдау болды. Өйткені ол кісі Қаңтардан кейін көптеген өзгерістерге динамика беретіндей пәрменді шешімдер шығарды. Бірақ қалай болғанда да, ескертусіз оқ ату жөнінде пәрмен болғанымен, халық өзгерістерге ықыласты болды. Алайда сол ықылас бірте-бірте селдіреп, Президенттің саясатына деген сенімсіздік барған сайын күшейіп барады. Осыны назарға алу керек деп ойлаймын. Ең алдымен билік халыққа өзі жақындауы керек. Сонда ғана баршамызға керекті азаматтық қоғам құрылады. Ал былай кете беретін болса, соңы жақсылыққа әкелмейді.

Uaqyt.info: Сонда не істеуіміз керек?

Ермұрат Бапи: “Жаңа Қазақстан” идеясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен шықты ғой. Қоғам оны жаппай қолдап кетпесе де, саналы, салиқалы, білімді, саясаттан хабар бар сауатты азаматтар осы идеяны қолдады. Бұл - Тоқаевты қолдау деген әңгіме емес. Өзгерістерді қоғам жалғыз жасай алмайды, ол билікпен бірге жасалатын дүние. Сондықтан бұл жерде қоғамның ілтипаты, ықыласы керек. Екеуі біріккенде ғана тың өзгерістерге жол ашылады. Бұрынғы оппозициялық күрестің балалық дертінен арылуға тиіспіз. Қазіргі уақытта тайталаспен, ерегіспен ешнәрсе шешілмейді. Сондықтан бір идеяның төңірегіне топтасуға әрекет жасауымыз қажет. Әлеуметтік желідегі кей жазбалар қазіргі билікті төңкеріп тастап, жаңа жүйені алып келуге үндейді. Олардың ойынша, Тоқаев тақтан кетсе, бәрі жақсы болатын секілді. Дәл қазіргі жағдайда мұндай лозунг, аттан қажет емес. Азаматтық қоғамның бір-бірімен ырың-жырың болып жатқаны міндетті түрде “Ескі Қазақстанның” жүйесіне жұмыс істейтінін естен шықармайықшы.

Uaqyt.info: “Ескі Қазақстан” өкілдерінің билікке біртіндеп келуінің артында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев тұр дегенге келісесіз бе?

Ермұрат Бапи: Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Тоқаевтың арасында келісім бар. Бірақ қандай екені бізге белгісіз. Дегенмен де араларында қандай да бір уағдаласу, келісім болды. Нұрәлі Әлиевтің билікке қайта келуі, Қайрат Боранбаевқа қатысты сот үкімінің жеңілдеуі, Кәрім Мәсімовтің түрмеде отыру режимінің жеңілдеуі – бұл сол екеуара келісімнің нәтижесі. Ертең Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот шешімдері де өзгеруі мүмкін. Оның барлығын қоғам көріп отыр ғой. Халық - ақымақ емес. Билік соны ескеруі керек.

Uaqyt.info: Назарбаев Тоқаев билігіне ықпал етіп отыр ма?

Ермұрат Бапи: Назарбаев алысқа кете қойған жоқ. Астанадағы резиденциясында жатыр. Ол жай ғана жатқан жоқ. Оның Кремльмен тікелей байланысы бар, аппараты жұмыс істеп жатыр. Ол Қазақстанның саясатына тікелей араласпаса да, ықпал етіп отыр. Тоқаевтың тікелей жұмысына араласпауы мүмкін, бірақ ол экономикалық тұрғыда өзінің кезіндегі әр-түрлі схемаларымен иемденген капиталын, активтерін қорғау бағытында тікелей жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Оған келтіретін мысал көп. Соның бірі – жоғарыда айтқан «Транстелеком» болса, екіншісі -  ШҚО-дағы энергетика саласын Машкеевичтің ERJ тобына беру жөніндегі іс-әрекеті. Бұдан бөлек Қазақстанға Араб елдеріндегі түсініксіз қорлардан инвестициялар тартылып жатыр. Миллиардтаған долларлардың келуі – ол арабатардың біздің елге деген жанашырлығы немесе сыйластығы емес. Ол кезінде елден ұрланған активтердің сол Араб елдерінде өтірік қорлар арқылы қайта Қазақстанға инвестиция ретінде тазаланып келуі. Бұл махинациялардың артында Назарбаев тұр деп нақты айта аламын.

Uaqyt.info: Депутат ретінде осы мәселелерге қалай ықпал ете аласыз?

Ермұрат Бапи: Мен бұған дейін талай мәрте талап еттім. Бірнеше депутаттық сауал, хаттар жолдадым. Бірақ мен бір ғана депутат өзгерістерді жасай алмайтынын ескерткім келеді. Тіпті 2-3 депутаттың өзі оған ықпал жасай алмайды. Сондықтан бұл мәселені қоғам болып қолға алуымыз керек. “Жаңа Қазақстан” идеясына деген жеке басымның сенімі әлі селдіреген жоқ. Осы бағытта жұмыс істеу үшін мен сайлауға түсіп, келіп отырмын. Бірақ сол “жаңа Қазақстанның” шетін кеміріп-кеміріп, “ескі Қазақстанның” қайтып келіп жатуы ертең парламенттік дәрежеде, тіпті Президенттің алдына дейін қоятын үлкен дабыл, көтеретін мәселе деп ойлаймын.

Uaqyt.info: Сұхбатыңызға көп рахмет!

 

Ұсынылатын