- Басты жаңалықтар
- Саясат
- Ескі жүйені мәдениетсіз, заңсыз жолдармен түзете алмаймыз – Жұмабек Жанықұлов
Ескі жүйені мәдениетсіз, заңсыз жолдармен түзете алмаймыз – Жұмабек Жанықұлов
Белгілі кәсіпкер, меценат Жұмабек Жанықұлов жаңаөзендік мұнайшылардың дауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, әрнәрсені желеу етіп, бас көтере беру дұрыс емес, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Жұмабек Жанықұлов өзінің Instаgram-дағы парақшасында жазды. Онда меценат Жаңаөзендегі болған жағайдаларға тоқталып, оның себеп-салдарына үңілген. Кәсіпкердің айтуынша, әрнәрсені желеу етіп, алаңға шыға беру дұрыс емес.
“Кез келген кәсіпорын тендерден ұтылып қалып, жұмысшыларын алаңға шығара берсе елде хаос орнайды. Бұл ел мүддесі үшін дұрыс емес деструктивті ұстаным. Әлемнің дамыған елдерінде мұндай шерулерді өткізудің механизмдері мен тәртібі орнаған. Бәрі оған бағынады, заң бұзылмайды. Түрлі келіссөздер алаңдары дамыған. Бізге де осы мәдениетті қабылдау керек”, - деп жазды Жұмабек Жанықұлов.
Сондай-ақ ол Батыстағы жер асты байлықтары тек бір өңірдің емес, бүкіл қазаққа ортақ екенін баса айтты. Ал алған ақшасына көңілі толмай жүргендердің әрекетін ашкөздікке балады.
“Батыс өңірінде шерулерді шантаж құралына айналдырып, мыңдаған адам еңбексіз айлық алып жүр. Басқа өңірлермен салыстырғанда жалақысы 2-3 есе жоғары. Бұл қаншалықты әділетті? Нарықтық экономикада, егер жұмыс шарттары ұнамайтын болса, әрқашан таңдауың бар. Мысалы басқа жұмыс табу немесе басқа өңірге көшу”, - деді кәсіпкер.
Кәсіпкер мәселені ашумен емес, ақылмен шешуге тырысу керек дейді.
“Көп адамдар ақты-ақ, қараны-қара деп айтуға қорқады. Бірақ шындықты айтып үйренбесек, елімізді қалай дұрыс дамытамыз! Ескі жүйенің қателіктерін мәдениетсіз, заңсыз жолдармен түзете алмаймыз!”, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірер күн бұрын жаңаөзендік мұнайшылар Астанадағы Энергетика министрлігінің алдында тұрақты жұмыс беруді талап етіп, сол жерде түнеген болатын. Uaqyt.info бұл туралы бұған дейін бірнеше материал жазды.