Ғабидолла Әбдірахымов: “Жалған ақпарат таратқандарды заңмен жазалаймын”
Шымкенттің бұрынғы әкімі, кәсіпкер Ғабидолла Әбдірахымов өзі туралы ғайбат айтып, жалған ақпарат тарататындарға ескерту жасады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ол өзінің Facebook-тегі парақшасында өзі туралы ел аузында жүрген бірқатар алып-қашпа әңгімеге нүкте қойған. Соның бірі – Лондонға жасаған сапары. Экс-әкімнің айтуынша, оның сырт мемлекетте жылжымайтын мүлкі жоқ. Ал Лондонға жұмыс барысымен барыпты.
“2019 жылдың маусым айында мен Еуропалық Қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) шақыруымен Лондонға үш күндік қызметтік іссапарға ұштым. Сапардың мақсаты - Шымкентте екі кәріз тазарту құрылысын (КОС) салу үшін ЕҚДБ-мен инвестициялар тартуға арналған Меморандумға қол қою болды. Өйткені қалада жұмыс істеп тұрған кәріздік тазарту жүйелерінің қуаты жеткіліксіз еді. Мемлекеттік бюджеттен бұл мақсаттарға қаржы көзделмеген болатын.Лондондағы қорытынды келіссөздердің нәтижесінде ЕҚДБ вице-президентімен осы мәселе бойынша біз тиісті Меморандумға қол қойдық. Бұл Шымкенттің дамуы мен оның тұрғындарының әл-ауқаты үшін аса маңызды құжат еді”, - деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Ол енді өзіне жала жапқандармен заң аясында сөйлесетінін айтады.
“Менің Лондоннан жасаған «атышулы» бейнежазбамның айналасындағы алыпқашпа әңгімелер адам сенгісіз аңыздар мен жорамалдарға ұласып, басылатын түрі жоқ. Лондондағы жылжымайтын мүлкім туралы дақпырт бір мысалы ғана. Әйтпесе, менде де, менің жақындарымда да шетелде мүлдем баспана болған емес. Осы уақыт ішінде мен жекелеген блогерлер мен журналистердің көпе-көрінеу жалғандық пен нақақ жалаға құрылған жазбаларына назар аудармауға тырысып келдім. Сондай-ақ, мен туралы көрінеу жалған ақпарат таратып, ғайбаттап, жала жабумен айналысатын кез келген адаммен заң аясында сөйлесетінімді ескерткім келеді. ”, - деп жазды Ғабидолла Әбдірахымов.