Газа секторында екі қазақстандық қаза тапты

Газа секторында қарулы шабуылдан Қазақстан азаматы және оның қызы қаза тапты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
"2023 жылғы 22 қазанда Газа секторын атқылау салдарынан Қазақстан азаматы қаза тапты. Өкінішке қарай, онымен бірге Палестина азаматтығы болған 23 жастағы қызы да қайтыс болды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Газа секторында палестиналықтарға тұрмысқа шыққан қазақстандықтар бар екенін хабарлаған еді.
"Газа секторында Қазақстанның 25-ге жуық азаматы бар деген ақпарат бар. Олар - көбіне палестиналықтарға тұмысқа шыққан қазақстандықтар. Қазір кейбір отбасылар қауіпсіз орын іздеп жүр. Байланысқа шығуға байланысты проблема бар. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз", - деді ведомствоның ресми өкілі СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.