Saturday, 5 October,2024

Газа секторында қалып қойған қазақстандықтардың саны қанша?

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Израильдегі Қазақстанның елшілігіне 100-ден астам еліміздің азаматы жәрдем көрсету туралы өтініш жасады. Сонымен қатар, Газа секторынан тағы 100-ден астам адамды Қазақстанға жеткізу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Uaqyt.info Kazinform-ға сілтеме жасап.

«Израиль мен Палестинадағы әскери-саяси жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі еліміздің азаматтарын қақтығыс аймағынан шығару бойынша шара қабылдап жатыр. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстанның Израильдегі, Мысырдағы және Иорданиядағы елшіліктері жұмылдырылған. Биылғы 16 қазандағы жағдай бойынша Израильдегі Қазақстанның елшілігіне 100-ден астам еліміздің азаматы жәрдем көрсету туралы өтініш жасады. Олардың бір бөлігі қазақстандық дипломаттардың көмегімен аталған елден кетіп қалды», - деді А. Смадияров апталық брифингіде.

Оның айтуынша, 15 қазанда елшілік көмегімен Қазақстанның 19 азаматы, соның арасында арнайы бағдарламалар бойынша оқып жүрген 15 бала елімізге жеткізілді.

«Азаматтарымыздың қауіпсіз келуін қамтамасыз ету мақсатында дипломаттар балаларды Израильдің түрлі аймақтарынан әуежайға дейін тікелей жеткізуін жүзеге асырды. Израильдегі Қазақстанның елшілігі отандастырымыздың елге жетуі және әуе билеттерін сатып алу мәселесі бойынша үйлестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Айта кетейік, Тель-Авив қаласының халықаралық әуежайы штатты режимде қызмет көрсетіп отыр», - деді ресми өкіл.

Сонымен қатар ол Газа секторындағы жағдай өте күрделі екенін айтты.

«Қазақстанның Мысыр мен Иорданиядағы елшіліктері осы аудандағы азаматтарымызбен байланыста отыр. Күнделікті негізде жергілікті билікпен отандастырымызды және олардың отбасы мүшелерін Газа секторынан Мысырға Рафах өткізу бекеті арқылы шығуы бойынша келіссөздер жасалып жатыр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның 67 азаматы және олардың отбасы мүшелерін қоса есептегенде, 100-ден астам адам анықталды. Қазақстаннан басқа тағы 45 ел елшілігі осындай келіссөз жүргізіп жатыр. Қазақстан Республикасы азаматтары арасында қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәліметтер тіркелмеді», - деді А. Смадияров.

 

Ұсынылатын