- Басты жаңалықтар
- Спорт
- Головкин мен Левиттен не күтеміз? Ермахан Ыбырайымов шәкірттері туралы не дейді
Головкин мен Левиттен не күтеміз? Ермахан Ыбырайымов шәкірттері туралы не дейді
Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левиттің Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалғаны қоғамда қызу талқыланып жатыр. Uaqyt.info осыған байланысты Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың пікірін білді.
Ермахан Ыбырайымовтың айтуынша, Василий Левит өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға толық күші жетеді. Өйткені бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызметкерлерді физикалық шынықтыру басқармасының басшысы болып қызмет еткен ол менеджерлік қырын да біршама дамытып, тәжірибе жинақтаған.
“Бұрынғы спортшылар, бұрын Олипиадада атой салған жігіттер басшылыққа келіп жатса, құба-құп. Өйткені олар тек спортты, спортшының жағдайын, бапкерлерді ойлайды. Басқа саладан келген адамдар ештеңені ойламайды деп айта алмаймын, бірақ шымшық сойса да қасапшының сойғаны дұрыс қой. Сондықтан Василий Левиттің келгені қуантады. Ол барлығының жағдайын жасайды”, - деді Ермахан Ыбырайымов.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде Левиттің басшылық қызметке келуі қызу талқыланды. Бірі оның орнына қазақ спортшылары табылмағанына өкініш білдірсе, енді бірі спорттағы ауыс-түйістердің артында үлкен саясат жатыр деп болжам жасаған. Тіпті “Мерей Ақшалов пен Бақтияр Артаевтар көлеңкеде қалған жоқ па?” деген сұрақтың да басы қылтиды. Ермахан Ыбырайымов бұл жайында былай дейді.
“Левиттің билікке келуін Астана қаласының әкімдігі шешті. Сондықтан да мен бұл шешімді дұрыс немесе бұрыс деп айта алмаймын. Мүмкін Бақтияр Артаев пен Мерей Ақшаловты басқа қызметтерге дайындап отырған шығар. Бірақ ол жоспарлары туралы қазір ештеңе айта алмаймын. Василий Левит бұл қызметке көктен түсе сап келген жоқ. Ол бұған дейін Антикорда, басқа жерлерде қызмет атқарды. Біршама тәжірибе жинақтап келді деп есептеймін”, - деді Ыбырайымов.
Сондай-ақ ол жақында ғана Ұлттық Олипиада комитетінің президенті боп сайланған Генадий Головкинді өзі шақыртқанын жеткізді.
“Головкинді мен шақырттым. Генадий Головкин бүкіл әлемге аты әйгілі қазақстандық боксшы. Головкиннің Ұлттық олимпиада комитетінің президенті болғаны үлкен абырой, нұр үстіне нұр. Бұл шешімді құптаймыз”, - деді ол.