Иістеніп кеткен ет: Оралда балабақша меңгерушісі қызметінен кетті
Орал қаласында балабақшада еттің иістеніп кету дерегі бойынша меңгеруші қызметінен босатылды, деп хабарлайды Uaqyt.info ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Орал қаласы білім беру бөлімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға №47 «Бәйтерек» бөбекжайында болды.
«Балабақша қоймашысы 22 қыркүйек күні аспаздарға тоңазытқыштан етті шығарып берген. 25 қыркүйек күні аспаздар етті ыдысқа салып, газға пісіруге қойған. Жұмысқа келген бөбекжай меңгерушісі сағат 07.30-да асханаға тамақты тексеруге барып, иістенген етті ыдыстан шығартқызып, орнына басқа ет салғызған. Азық-түліктің бұзылуы бойынша акт толтырылды. Қоймашы мен аспазға сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілді. Орал қаласы білім беру бөлімінің 25 қыркүйек күнгі №137§1 бұйрығымен бөбекжай меңгерушісі Тоян Мұқатова жұмыстан босатылды», - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл жағдай бойынша тексеріс ашудың мүмкін еместігін жеткізді. Өйткені ата-аналардан немесе Орал қаласы білім беру бөлімінен жергілікті санэпидбақылау басқармасына арыз түскен жоқ. Қазір заңнама бойынша мораторий өз күшінде.