Ілияс Жансүгіровтің 1927 жылы жарық көрген жыр жинағы табылды
Жыр Құлагері атанған дүлділ ақын Ілияс Жансүгіровтың бұрын белгісіз болып келген тағы бір кітабы табылды, деп хабарлайды Uaqyt.info Kazinform-ға сілтеме жасап.
Төте жазумен теріліп, 1927 жылы Мәскеу қаласындағы баспадан шыққан жинақты Алматы қаласының байырғы тұрғыны, кинорежиссер Ербол Бораншаұлы жеке кітапханасында сақтаған екен. Ақынның шымшыма өлеңдерінен құралған кітап «Өтірік» деп аталады.
Ілияс ақын репрессия құрығына ілінген кезде көптеген кітаптары мен қолжазбалары тәркіленіп, жойылған болатын. Ал Ербол Бораншаұлының жеке мұрағатынан табылған бұл түпнұсқа жинақ Жансүгіров мұрасына қосылған үлес қана емес, қазақ әдебиеті тарихындағы елеулі оқиға болып отыр.
Қазір табылған кітап Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы облыстық әдеби мұражайға қойылған.