Ілияс Жансүгіровтің қызы Ильфа Жансүгірова өмірден өтті
Заңғар жазушы Ілияс Жансүгіровтің қызы Ильфа Жансүгірова 89 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қаралы хабарды белгілі алаштанушы, жазушы Елдос Тоқтарбай Facebook-тегі парақшасында жазды.
“Жыр Құлагері Ілияс Жансүгірұлы мен аңыз ана Фатима Ғабитованың қызы, қос асылдың сынығы болған қайсар Ильфа анамыздың да уақыты болған екен. Ұлы жүрек тоқтапты.
Ілиястың көзіндей еді. Әкесінен аумайтын. Әкесінің суретіне қарап отырушы еді! Інісі Мұрат Мұхтарұлы Әуез ағама, қыздары Ажар, Жанар, Дина, Фатима әпкелеріме қайғырып көңіл айтамын.
Қаралы күнде жандарыңыздан табылып, батыр ананы жер-ананың қойнына табыстай алмайтыныма өкінемін. Қазір өзім де науқастанып, ем-шипа іздеп сыртта жүр едім… Марқұмды Алла панасына алсын. Рухына Фатиха!”, - деп жазды Елдос Тоқтарбай.
Ильфа Жансүгірова 1935 жылы дүниеге келген. Ол - Ілияс Жансүгіровтің қызы әрі Ораз Жандосовтың келіні болғанын айта кетейік.