- Басты жаңалықтар
- Қоғам
- Имамдардан сабыр қашқан ба? Мешітте намаз кезінде дін қызметкер бүлдіршіннің бетінен салып жіберді
Имамдардан сабыр қашқан ба? Мешітте намаз кезінде дін қызметкер бүлдіршіннің бетінен салып жіберді
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы мешіттердің біріндегі жағдай әлеуметтік желіге тарап кетті. Тіпті бұл видео қоғам ашуын туғызып отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бейнежазбадан имаммен бірге біртоп ер адамның намаз оқып жатқанын байқайсыз. Арасында кішкентай бүлдіршін ары-бері жүгіріп жүр. Бір сәтте ересектермен бірге тұрған балалардың бірі имамның алдынан жүгіріп өтпек болғанда ол баланы қолымен қағып жіберіп, сұлатып тастайды.
Кейіннен бұл жағдайдың Шелек ауылындағы Хидаят мешітінде болғаны анықталды. Тіпті қоғам ашуланғаннан кейін Алматы облысының прокуратурасы түсініктеме берді. Қадағалау органы қоғамда резонанс туғызған оқиға куәгерлерін іздестіріп жатқанын жеткізді.
Артынша бұл жағдайға Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы да пікір білдірді. Тіпті әлгі сабыр сақтай алмаған имамды жұмыстан шығарылғанын да хабарлады.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл оқиғадан тиісті қорытынды шығарды және өрескел әрекетке жол берген дін қызметкеріне шара қолданды. Бас мүфтидің бұйрығымен "Хидаят" мешітінің имамы жұмыстан шығарылды", - делінген ресми ақпаратта.
Оқиғадан кейін жергілікті билік өкілдері, ауыл тұрғындары, дін қызметкерлері, мешіт жамағаты және баланың ата-анасының қатысуымен арнайы кездесу өткен екен. Сол жерде имамы өз қателігін мойындап, баланың ата-анасынан, сондай-ақ көпшіліктен кешірім сұрады. Баланың заңды өкілдері имамның кешірімін қабыл алып, екі тарап өзара бітімге келді.