Saturday, 23 November,2024

Иога, футбол, шахмат: Ел министрлерінің қандай спортпен шұғылданатыны белгілі болды

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Еліміздегі министрлер бос уақытында қандай спортпен шұғылданатыны белгілі болды. Басым бөлігі иогамен айналысып, фитнес залдарына барғанды жөн көреді екен, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Министрлердің қандай спортпен шұғалданатынын ҚазАқпарат жазды. Ондағы деректе 11 министр тізімге еніпті. Қатарында иогамен айналысатындары көп.

Мысалға, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин үйінде йогамен айналысады және фитнеске тұрақты баруға тырысады.

Сонымен қатар экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова да йоганы жақсы көреді, жаттығу залына барады, сондай-ақ күшке бағытталған жаттығуларымен айналысады.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та йогаға көбірек көңіл бөледі және серуендейді.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өте белсенді өмір салтын ұстанады. Ведомство басшысы жүзумен, үстел теннисімен, футболмен айналысады, сонымен қатар күрес пен атқа мінуді ұнатады.

Ал ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев футболды жақсы көреді, достарымен және әріптестерімен ойнайды. Мүмкіндігінше спортзалда жаттығу жасайды, бірақ тығыз жұмыс кестесіне байланысты министр онда жиі бара бермейді.

Білім министрі Ғани Бейсембаев жас кезінен бастап каратэ және дзюдомен айналысқан. Қазір ведомство басшысы белсенді өмір салтын ұстануға тырысады және скандинавиялық серуен мен шахмат ойындарына уақыт табады.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев аптасына екі рет футбол ойнайды.

Әділет министрі Азамат Есқараев мүмкіндігінше спортзалға барады, сондай-ақ жекпе-жекпен (спорттық жекпе-жек түрі) айналысады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, спортқа уақыт тауып, фитнеске және жүзуге барады. Университетте оқып жүргенде министр факультет атынан жүзу жарыстарына қатысып, тай боксымен айналысқан (муай-тай).

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин физикалық белсенділікті қолдайды және спортпен шұғылдануға уақыт тауып, режимді барынша ұстанады. Министр мен ведомствоның және барлық бөлімшелерінің қызметкерлері үшін спорт - қызметтік және жауынгерлік даярлықта көзделген міндетті шарт. Мүмкіндігінше министрдің күнделікті кестесінде дене шынықтыруға арнайы уақыт бөлінеді. Министр футболды жақсы көреді, оған қоса хоккейдің жанкүйері.

Ал Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов үлкен теннис ойнайды. Ол турнирлерге қатысады және бірнеше рет жеңіске жеткен.

Ұсынылатын