Иранда орамалсыз әйелдерді жазалау үшін бейнекамералар орнатыла бастады
Алмас Абылай
Фото bbc.com
Иранда қоғамдық орындарға жаппай бейнебақылау камералары орнатыла бастады. Басты мақсат – орамалсыз жүрген әйелдерді анықтау, әрі жазалау, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Bbс жазды. Дерекке сүйенсек, Иран билігі қоғамдық орындарға ақылды бейнекамералар желісін орната бастаған. Осылайша хиджабсыз, орамалсыз жүрген әйелдерді анықтау көзделеді.
Егер тәртіп бұзған әйелдер анықталса, алдымен оларға жазбаша түрінде хабарландыру жіберіледі. Қайталанса онда жазаға тартылады. Мұндай шара елде соңғы кезде ұйымдастырылып жүрген әйелдер шеруіне қарсы жасалып отыр.
Бұған дейін Иранда Амини есімді қыз хиджабсыз жүргені үшін белгісіз жағдайда көз жұмды. Артынша мыңдаған әйел орамалсыз жүруге шешім қабылдап, көшеге шеруге шықты. Бірақ нәтиже болған жоқ. Иранда қыз—келіншектердің хиджабпен жүру заңы 1979 жылы қабылданған.