Friday, 22 November,2024

“Иттер енді сені талайды”. Журналистерді итке теңеген боксшыға БАҚ өкілдері ашулы

Uaqyt.info
Фото Коллаж/uaqyt.info

Кәсіпқой боксшы Садриддин Ахметовтің мәлімдемесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Журналистер оның айтқан теңеуіне наразылық білдірген, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатындағы қазақ боксшыларына “журналистерге сұхбат бермеңдер, олар хайп қуалап жүр” – деп жазған Садриддин Ахметовтің әлеуметтік желідегі жазбасы БАҚ өкілдерінің шамына тиді. Ол тіпті тілшілерді итке теңеген.

“Әлем чемпионатына қатысып жатқан боксшыларымызға айтатыным, сұхбатты тек жарыс біткен соң беріңдер. Әйтпесе, алқынып тұрған сәттеріңде іштегі өкінішті айтып, сезімдеріңді білдіріп қойып жатсыңдар. Ал мына біздің білгіш журналистер соны хайп үшін пайдаланып жатыр. Өз еліміздің иттері қастарыңда жүргенін біліңдер”, - деп жазды боксшы.

Боксшының бұл жазбасына тілшілер де қарап қалмады. Танымал журналист Аслан Қаженов Facebook-тегі парақшасында Садриддин Ахметовтің ауыздан апат болғанын айтып, боксшының өзіне шабуыл жасады.

“Садриддин, мен сенің залыңа барып, жаттығуыңа араласып, «былай істе, былай істеме» деп айтпаймын. Сенің де біздің жұмысымызда шаруаң болмасын. Сонда бәрі мақтау есту үшін ғана шаршы алаңға шыға ма? Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады. Сынағанның бәрі жау емес. Жалпы жігіттердің қай-қайсын да боксқа ешкім зорлап апарған жоқ. Таңдадың ба, көтер барлық жауапкершілігін. Әсіресе, елдің атынан шығып жатсың ба, елдің алында жауап та бер. Сонда жаттығуда не істегенін білмейміз, жарыста не істегенін білмейміз, әркім өз бетімен жүре берсін дейсің ғой. Ендеше маң далаға боксшылардың қаласын сал да, сол жаққа көшіріп әкет бәрін. Өз-өздеріңмен өмір сүріңдер. Бізді итке теңегенің, тіптен, қате болды. Бұл - баспен қадалған жерің. Өзің кеп қадалдың”, - деп жазды Аслан Қаженов.

Ал спорт комментаторы Уалихан Қосанбай боксшының пікіріне қатысты былай деді.

“Жалпы мен QazSport арнасында бокс жүргізіп жүргеніме біраз уақыт болды. Шыны керек, кей кездесулерде боксшылардың шаршы алаңда не үшін жеңілгенін түсінбей қалатын кездер болады. Содан соң жекпе-жектен кейінгі сұқбатты көріп, боксшылардың өз аузынан жағдайын (жарақатын, қателігін) естіп, кейінгі эфирлерде осылай болыпты деп түсіндіреміз. Оны көрген жанкүйер де жақсы қабылдайды.

Негізі осы уақытқа дейін бокста мұндай ашықтық болған емес. Садриддин, сен өзің сұқбат бермесең бермей-ақ қой. Оған ешкім зәру де емес. Ал басқа боксшыларда, оның ішінде Ұлттық құраманың боксшыларында шаруаң болмасын! Олар дайындыққа ақшаны мемлекеттен алады, сол үшін мемлекет алдында, халық алдында есеп беру керек!

Қазір білесіздер, боксшыларды халыққа жақындату үшін көптеген бағдарламалар бар. Мысалы, Qazaq Ring, The Ring және тағы басқа. Сонымен қатар QazSport арнасы да бокс трансляцияларын қатты көбейтті. Иә, қазір сенің халыққа айтатын еш дүниең жоқ шығар. Бірақ, Ұлттық құраманың боксшыларын да айтатын нәрсе бар.

Сен жұртты "крыса" дейсің. Шынына келгенде өзің сондай сияқтысың ғой. Соңғы кездесуіңдегі әңгімең де ұят болды. "Жанкүйер залды толтыра алмады, мен сіздерге ренжідім", - дегенің есіңде ме? Олай халыққа айтатын сен әлем чемпионы да емессің. Оның үстіне қайдағы бір қарсыласты алып келіп, ұттың.

Соңында, сен журналисттерді "ит" дегенің де артық болды. Енді сол "иттер" сені талайды. Дайын бол!”, - деп жазды Уалихан Қосанбай.

 

Ұсынылатын