Каирде Бейбарыс Сұлтанның мешіті ашылды
Каирде күрделі жөндеуден өткен Бейбарыс Сұлтанның мешіті ашылды. Іс-шараға Қазақстаннан ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация қатысты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына орай Каирде ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуден өткен мешіт қайта жанданды. ХІІІ ғасырда салынған ғимараттың аумағы 10 мың шаршы метрден асады. Айта кетейік, бұл мешітті қайта қалпына келтіру жұмыстарына Қазақстан 4,5 миллион доллар бөлген болатын.
"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған іс-шараларға қатысушыларға өзінің жылы лебізін жолдады. Мемлекет басшысы бұл мерейтойды жоғары деңгейде атап өтуге баса мән беріп отыр. Мерейлі дата аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның бір бөлігі Мысыр жерінде өткізіліп жатыр. Жалпы, екі халықтың байланысы тереңнен тамыр тартады. Соның бір бастауында Мысыр шежіресіндегі мәмлүктер кезеңі тұрғаны белгілі. Оның ішінде Бейбарыс сұлтанның есімі ерекше аталады. Ол – мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен дараланған билеуші. Ұлы қолбасшы Мысырды басқарып тұрған кезінде мешіт, медреселер салдыруға, елдің рухани іліммен бірге ғылым-білімді де қатар игеруіне үлкен көңіл бөлді. Бүгін күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып отырған "Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс" мешіті Мысыр мен Қазақстан үшін ғана емес, ислам әлемі үшін де бірегей мәдени мұра екені анық. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру – әлемдік тарих пен мәдениет үшін маңызды оқиға", – деді Мәулен Әшімбаев.