Каспийде балық қырылып жатыр
Атырау облысының Исатай ауданында кефаль балығы қырылды. Каспий теңізінің жағалауынан балықтың 1,3 тонна өлексесі табылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, кефаль балығы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында қырылған.
«Исатай ауданында «Севрюжья коса» учаскесінде балықтың қырылу дерегіне байланысты жергілікті атқарушы орган, облыстық экология департаменті, балық шаруашылығы ғылыми мекемесі, ветеринариялық қызмет, полиция департаменті мен табиғат қорғау прокуратурасының өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылды. Тексеру кезінде 18 қыркүйекте кефаль балығының қырылу дерегі тіркелді. Облыстық экология департаментінің мамандары зертханалық талдау жүргізу үшін балық қырылған аумақтағы топырақтан сынама алды. Ал, қырылған балықтың өлексесінен сынама алу мүмкін болмады. Теңіз жағалауынан балықтың 1 тонна 380 келі өлексесі жинап алынды», -деді баспасөз қызметіндегілер.
Мамандардың айтуынша, бұған Каспий теңізі суының керу қайтуы себеп.
«Бұл – табиғи құбылыс. Бірақ, бірінші рет емес. Мұндай жайт былтырғы қыркүйекте байқалды. Каспий теңізінің суы жағалаудан 5-25 шақырымға дейін алыстағаны байқалды», -делінген хабарламада.