Saturday, 23 November,2024

Келіншектің басын кесіп, базарға тастап кеткен: Күдікті сотта жылап жіберді

Алмас Абылай
Фото Видеодан кадр

Алматыда келіншектің басын кесіп, кейін оны пакетке салып базарға тастаған жағдай бойынша сот отырысы жалғасуда. Басты айыпталушы Асхат Иманқосов осы жолы жылап жіберді, деп хабарлайды Uaqyt.info КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Дерекке сүйенсек, айыпталушы әйелдердің басын айналдыру үшін небір өтірікті құрастырыпты. Алматыда келіншектің басын кесіп базарға тастады деп күдікке ілінген Асхат Иманқосов ашынасына өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін деп таныстырған. Ал басты тастап кеткен шұжық дүкенінде істейтін келіншекке Астанада білдей судьямын деп жүріпті. Сот отырысында осы екі әйелден жауап алынды. Оларды көріп қаскөй тіпті көзіне жас алған.

Күдікті бұл жолы да сот залына медициналық бетпердемен бетін тұмшалап келген. Бірінші болып куәгерлердің арасынан шұжық сататын дүкенші сөйледі. Ол өзіне қарата алмай жүрген Асхат Иманқосовты бірден таныды.

«Ол карантин біткен кезде бетперде тағып келіп бастады. Еш нәрсе сатып алмайтын, сөйлемейтін. Жәй ғана тұратын. Осылай 2 айда бір соғатын. Мен одан не үшін келіп жүрсің деп сұрадым. Ол “бұрын осында тұрғанмын. Базарға келу ескі әдетім” деді. Сондай ақ, ол өзін сотпын деп таныстырды. Астанада істейтінін айтты. Бір рет кездесуге шақырған болатын. Мен бас тарттым. Соңғы рет келген кезде қолынан целофаннан жасалған қолғапты байқадым. Ол бас салынған пакетті тоңазытқыштың жанына тастап кетті», - деді алғашқысы.

Мұнан кейін гүл сатушы болып істейтін ашынасы сөйледі. Екеуі екі жарым жыл бірге тұрыпты. Ең қызығы өзін Асхат емес, Асқар деп таныстырған, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейтінін айтыпты.

«Жұмыстан келсем «Сен КТКның жаңалықтарын көрдің ба?» деп сұрады. Ал, мен телевизорды мүлде қарамаймын. Жоқ деп жауап бердім. Сөйтіп, ол менің телефонымнан сюжетті көрсетіп, «енді мен сені күнде жұмыстан кейін күтіп алатын боламын» деді. Негізі ол мұндайды істеді дегенге сенбеймін. Ия, тұйық болатын. Бірақ, жақсы адам», - дейді ашынасы.

Осы сөздерден кейін күдікті өзін жақсы жағынан көрсеткісі келді ме, әлде жүрегі елжіреп кетті ме, белгісіз. Әйтеуір, демі жетпей, су сұрап жылап жіберді. Кейін Асхат Иманқосовты вокзалдан көрген куәгер жауап қатты. Көбісінің көргені бір: күдіктінің қолындағы целлофан қолғап. Десе де, куәгерлердің бәрі келмеді. Өзгелерінің тұрғылықты мекен жайы жоқ екен.

Еске салайық, жантүршігерлік оқиға биыл көктемде болған еді. Алматыдағы базарлардың бірінен пакетке салынған бас табылып, дүйім ел шулаған. Марқұм 76-шы жылы туған әйел. Бұрын есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталған. Оның денесі базар жанындағы қараусыз ғимараттың маңынан табылды. 2 аптаға жетпей 61 жастағы күдікті құрықталды. Қазір оған адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Қылмысы дәлелденсе, Иманқосов кемі 15 жылы немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ұсынылатын