Sunday, 8 December,2024

Кепілге қойылған пәтерін банк басқа біреуге берген: Атбасар тұрғыны әділдік іздейді

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

Атбасар қаласының тұрғыны Ернұр Балғабаев банкке кепілге  қойылған үйінен айырылып қалған. Оның айтуынша, мүлкі цессия шарты бойынша үшінші тараптың меншігіне өтіп кеткен. Алматыда даулы іске қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Ернұр Балғабаев пәтерінен қалай айырылып қалды?

Айта кетейік, дау туғызған мәселе 2016 және 2019 жылдары басталған.Жәбірленушінің адвокаттарының айтуынша, Қарағандыдағы «Қазақстан Халық банкі» филиалы  Балғабаевпен қызметтес болған Жомарт Жұмағұлов есімді азаматқа тиесілі компаниялар тобына қомақты несие береді. Ал кепілге өзге адамдардың мүлкімен қатар Ернұр Балғабаевтың пәтері де қойылады.

Алайда Жомарт Жұмағұлов несиені уақытында төлемегендіктен, банк 2022 жылы сотқа беріп,  сот қарызды қайтарсын деген шешім шығарады. Даудың басы дәл осы жерден басталған.

Өйткені банк ешқандай сот орындаушылардың қызметіне жүгінбестен, сот шешіміне қарамастан кепілдегі мүліктерді цессия шарты арқылы өзге компанияға сатып жібереді.

«Bagget» ЖШС осылайша банкке 500 млн теңге төлеп, бүкіл мүлікке ие болады. Оның ішінде Ернұр Балғабаевтың да пәтері бар.

Адвокат Алма Мусинаның айтуынша, мүлікті бұлайша сатып жіберу заңғы қайшы.

 «Банк несие шартын ешкімге беруге құқығы жоқ. Өйткені  сот шешімін сот орындаушылары ғана атқаруы тиіс. Екіншіден, Қазақстан Республикасының Банктер және банк қызметі туралы заңында үмітсіз банк қарыздары бойынша құқықты беруге болатын үшінші тұлғалардың нақты тізімі бар. Наубайхана қызметімен айналысатын «Bagget» ЖШС бұл тізімде жоқ. Заң бойынша проблемалық қарыздар коллекторлық агенттіктерге немесе проблемалық несиелермен жұмыс істеуге құзыреті бар арнайы қаржылық ұйымдарға берілуі тиіс», – деді Алма Мусина.

Айта кетейік, бұған дейін Медеу аудандық сотында  Балғабаев жеңіліс тапқан еді. Аппеляциялық сот отырысында да «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның өкілдері сол шешімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Айтуларынша, Балғабаевтың мүлкі алғашқы 2016 жылы алынған несиеге кепіл ретінде қойылған. Ал цессия шарты 2019 жылғы несиеге қатысты жасалыпты.

Десе де, жәбірленуші тарап істі соңына дейін жеткізуге ниетті. Олар жіберілген қателіктерді сот ескеріп, Балғабаевқа қатысты шешім оң болады деген үмітте.

Келесі сот отырысы 28 қарашаға белгіленді.

Ұсынылатын