- Басты жаңалықтар
- Әдебиет
- "Кешірім сұрауға 48 сағат уақыт белгілеймін". Белгілі ақын Ақберен Елгезек өзіне жала жапқандарды сотқа бермек
"Кешірім сұрауға 48 сағат уақыт белгілеймін". Белгілі ақын Ақберен Елгезек өзіне жала жапқандарды сотқа бермек
Бұрынғы Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек өзіне жала жапқандарды сотқа бермек. Тіпті оларға кешірім сұрауға 48 сағат уақыт беріп отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
"Жұмыс істейсің - таяқ жейсің, жұмыстан кетесің - таяқ жейсің" деп бастаған жазбасын ақын Facebook-те жазды. Әрі онда өзі жұмыс істеген жылдарға есеп беріп, қызметтен кеткеннен кейін өзін сынға алғандардың атын атап, түрін түстеп сотқа беретініне тоқталған.
"Анаукүнгі дау-дамайдан кейін жаным кірлеп кеткен соң, телефонымнан Фейсбук қосымшасын өшіріп тастағам. Бірақ скриншот деген шіркіндер өсекті ерен боратып, вотсап байқұсты құстырардай ішін мейлінше толтырды. Шыдадым. “Не көрмеген бұл бас, нені өткізбеген бұл жүрек?!” дедім де жүре бердім. Сөйтсем, арыма күйе жағып жатқандар одан әрі құтыра түсіпті. Бәрекелді! Жұмыстан кетпей жүр екем ғой! Бөрінің артындай бір шулап қалыпсыңдар! Сендердің шибөрілік қыңсыл-қыңқылдарың маған бұрыннан таныс. Сондықтан да жүйкем сыр берген жоқ. Құр шуласаңдар мейлі ғой, сендер – жемтікке қаптаған өңкей құзғын құсап, халықты әбден шатастырып біттіңдер. Қарапайым халыққа мені жаман қып көрсетуден ұтқыларың келетіндерің бір-ақ нәрсе: менің өлеңдерімді оқымасын, шығармаларымды жыртсын деген ғана сасық, пасық, арам пейіл ғана. Әуре болмаңдар, Өлең - Құдайдікі! Ал, менікі болса, һәм нашар болса, халық өзі-ақ күресінге тастай салады. Оған дым саспаңдар! Менің жазуыма сот болатын сендер емессіңдер! Сендер өлердей қызғанған сайын мен одан әрі жақсы жаза түсем! Қиянат жасау - сендерге үйреншікті нәрсе, білем оны. Осы Одақтың шарапатын барлық қаламгерлермен бірдей көріп жүргенде, сол кезде келіп бетіме түкіріп, неге көзіме қарап тұрып айтпадыңдар?! Форумға тегін ұшақпен барасыңдар, тегін қонақ үйде жатып, ішіп-жейсіңдер, қойқаңдап жүресіңдер, жыл сайын әкімнің стипендиясын беттерің бір бүлк етпей аласыңдар, барлық игіліктерді көресіңдер, енді неғып “әділет сүйгіш” әулие бола қалдыңдар?! Ғаламат болсаңдар, сол кезде бұл форум неге керек, өткізбе деп неге шу шығармайсыңдар? Халықтың ауызынан жырып, бізге неге стипендия беріп отырсыңдар деп неге өзеуремедіңдер?! Екіжүздісіңдер өйткені", - дейді ол.
Мұнан кейін ақын осы өмірде болмаса да, мәңгілікте әрқайсысымыз өз сөзіміз бен ісімізге жауап беретініне тоқталған.
"Одақты тонады, жеді, сатты депсіңдер. Алла куә, менің қасымда жұмыс істеген тірі адамдар бар, солар куә, мен Одаққа ақша әкелмесем, ол жерден бір тиын алған адам емеспін! Сендердей төрт құбылам тең боп ержетпесем де, обал мен сауапты төрт кісіден артық білемін! Бүгін ауызбен жегенің - ертең артыңнан шығады. Қалай істедім, не істедім деп тәпсірлеп берсем де болады, онда бұл постты 4 күн оқисыңдар. 5 жыл аз уақыт емес, жасалған шаруа одан да көп. Бір ғана штрих: осындай әңгіме болатынын мен 5 жыл бұрын білгем. Сондықтан да Одаққа келе сала бүкіл қаржылық операцияларды электрондық жүйеге ауыстырттым. Тиынына дейін әр кіріс-шығыс ақшаның қайдан келіп, қайдан кететінін көріп отырсын деп Одақтың төрағасының телефонына, өзіме және бас бухгалтерге, әкімшілік-шаруашылық бөлімінің басшысының телефондарына СМС-хабарлама келіп тұратындай етіп қойғам. Бір мен ғана емес, қаржыға жауап беретін барлық қызметкерлер күнбе-күн есепшотқа не түскенін һәм қандай ақша қайда кетіп бара жатқанын СМС арқылы көріп, біліп, сұрақ қойып, жауап алып отырды. Бұл менің әдейі жасаған шарам болатын. Өйткені осындай құзғындардың сұңқылын мен ерте жарықта естіген болатынмын. Әлгі тық-тық етіп келіп отыратын СМС-хабарлама арқылы әрқайсымыз бір бірімізді бақылап отырдық. Ол жүйе әлі де сақылдап істеп тұр. Қандай да бір келісім-шарт болсын, қандай да бір қаржылық операция болсын барлығы-барлығы Ұлықбек ағамен келісіліп, айтылған адамдардың бәрі уақытында визаларын қойған соң ғана шешіліп отырды. Мені сондай аждаһа етіп көрсеткілерің келген екен ғой, енді осындай бақылау орнатқан адам қалай тонап, жымқырады екен Одақты?! Одақтың бір де бір мүлкі сыртқа кеткен жоқ, ешнәрсе ешкімге сатылған жоқ, бәрі орнында дін аман тұр! Ремонтты әкімдік өзі мердігерін сайлап өзі өткізді. Бізді жолатқан да жоқ. Әр жерден тырнақ астынан кір іздегендей бір сапалақ сандарды алға тартыпсыңдар. Есеп білмесең, нең бар қаржыда?! Азия форумына бөлінген ақша тек шараны ұйымдастыруға кетті, қалған 50 миллионнан астам қаржысы бюджетке қайтарылды. Неге соны анықтамайсыңдар, білгіш болсаңдар?! Қазір мемлекеттен 1 тиын алсаң да есебі өте қатаң. Қажеттісін береді, артылды ма, сыпырып алады. Анау келтірген екінші-үшінші сандарың - 3 (“Қазақ әдебиеті”, “Жұлдыз”, “Простор”) басылымның жылына бір рет қана алатын ақшалары. Және өте аз алатын ақша, содан журналисттердің айлығы аз болатыны. Миы істейтін адам ол газет баспаханадан тегін шықпайтынын, тегін таратылмайтынын білуі керек қой! Менің 5 жылда 1 рет қана “Қазақ әдебиетінің” 1 бетіне ғана (!) топтама өлеңдерім шықты (2020 ж.). Оның өзін редакция 40 жасыммен құттықтап берді. Топассыңдар ма, мен ақынмын ғой?! Неге өлеңдерім бір рет болса да баршамызға ортақ қарашаңырақ газетке шықпауы керек?! Тоқалдан туып па екем әлде мен?! Одан кейін бір дүнием шықса, тігіндіні тілдерің салақтап отырып, ақтарып шығыңдар, таппайсыңдар! Этиканы сендерге қарағанда өте жақсы білемін! Ары қарай. Одақ аппаратының айлығына, салығы-малығына - 10 миллионнан астам ақша кетеді. Айына!!! 5 жылға көбейт, калькуляторың бар ғой телефонында. Біз оның үстіне, қаржы межеден сәл асса болды, НДС төлейміз. Ол пәлең есепшотыңды ойсыратып кетеді. Демек ақша бюджетке қайтады. Ғимараттың арендасын сөз қылыпсыңдар. Ол арендадан түсетін ақша - ғимараттың амортизациясына, жер салығына, коммуналдық шығындарға да жетпей, масқара боп жатады. Аренданы көтерейін десең, небір заманауи офистер толып тұр қалада, офис табу қиын емес. Арендаторлар соларға кетіп қалады. Тағы не айтайын сендерге?! Жылына 300-ге жуық шара өткіземіз, соның бәріне қайыр сұрап жүргендей, ақшаның басын құраймыз. 300 шараны 5 жылға көбейт. 1500 шараның әрқайсысы кем дегенде 2-3 млн.қаржыны талап етеді. 2 млн. теңгені 1500 - ға көбейт. Шашың тік тұрады! Ондай ақша жоқ Одақта! Сондықтан айлығы шайлығына жетпей жүрген қызметкерлер осының бәрін өз қолдарымен істеп, өз аяқтарымен баратын жерге барады. Менің алған айлығым 200 мың теңге. Оның тең жартысын жүргізушіме беремін. Қайдағы ұрлық?! Зарлық бұл", - деп жазады Ақберен Елгезек.
Мұнан кейін өз ісінде кемшілік көрсе өсектемей тіке құзырлы органға арызданыңдар депті. Әрі өзі де 48 сағат ішінде жала жапқандарға ісін түісініп кешірім сұрасын, болмаса сотқа беремін деп қорытындылаған.
"Әгәрәки, іштерің жарылып бара жатса, құзырлы органдарға арыз домалатып, менің жұмысымды бүге-шігесіне дейін құмарларың қанғанша тексертіңдер, куәлікке бәрін шақырыңдар! Сосын айтыңдар, тілдеңдер, отбасыма тиісіңдер, өлеңіме, шығармаларыма шүйлігіңдер, өз бауырларыңды халыққа қарабет қылыңдар! Неткен садизм бұл?! Қалай тыныш ұйықтайсыңдар бұдан кейін?! Іштеріңді бірдеңе шоқтай қарымай ма?! Өлең демекші, маған тиісіп отырған әрқайсыңның шимайларыңды дап-дала қып, ту-талақайын шығарып талдап беруге шамам әбден жетеді. Бірақ, мен - сендер емеспін! Біреуде шаруам жоқ. Халық бәрін көріп, бәрін біліп отыр. Тыраштаңбаңдар босқа! Не болса соны жазып, жоқтан барды құрастырғанша, қалған өмірлеріңді ізгілікке, жасампаздыққа жұмсасаңдаршы. Ал енді шаласауатты жалақорларым сендерге бір ұсыныс: егер менен жеке болсын жария болсын кешірім сұрамасаңдар, маған жария түрде дәлелсіз-дәйексіз жала жауып, ар-ожданыма, таза атыма кір келтіргендерің үшін сендерді сотқа беруге мәжбүр боламын. Конституциямыздың 17 (п.1), 18 (п.1) баптарына сәйкес, сондай-ақ Қылмыстық Кодекстің 131-ші бабына және Азаматтық Кодекстің 143 (п.6) бабына сәйкес сендерді жауапқа тартуға толық хақым бар. Ол сотты ұтқан соң, этиканы қалтама салып қоям да аты-жөндеріңді атап, түстеріңді түстеп, фотоларыңды, соттың Қаулысын осы жерге желбіретіп іліп қоямын. Ескертем, соттан кейін, Заң бойынша маған әрқайсың 6 миллион 900 мың ақша төлейсіңдер (200 МРП)! Жай қарамаңдар бұл ұсынысқа, мен оны аяғына дейін жеткізуге сауатым да жетеді, бәрі де жетеді. Сондықтан тегін құтылғыларың келсе, кешірім сұрай салыңдар. Кешірім сұрау мерзімі деп 48 сағат уақытты белгілеймін. Айтпады демеңдер, сендердің жалаларың мені әбден тойдырды. Ар-ожданымды өзім қорғамасам болмайды екен. Үндемегенге басқа шығып барасыңдар. Байқаған шығарсыңдар, ешқайсыларыңның есім-сойларыңды атағам жоқ. Бұл да сендердей пасықтарға сабақ болсын! Сөз соңында айтарым, сайлау сайлауымен, бұл науқан да өтеді-кетеді, өмір де өте қысқа, өтеді де кетеді. Бір біріңді итше таламай, адамгершілікпен, туыстық сезіммен қатысыңдар сайлауға! Тілдемеңдер ешкімді! Мұқатпаңдар! Шалыс басқанына бөркілеріңді аспанға атып қуанбаңдар! Жүректеріңнің бетін тот баспады ма екен, қарап қойыңдар! Әдебиетке шын адал адам ғана ішін де сыртын да, қолын да, ауызын да таза ұстайды. Олай болмадың екен, әдебиет сияқты киелі кеңістікке лас аяғыңды басушы болма", - деп қорытындылаған жазбасын.